Спорт - бірлікке бастайтын мейірімді күш - М. Жұмаев
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат -Мен бүгін Алматы Марафонына қатысып, күннің сәулесінен де жарқын әсер алдым! Спорт шынында да бірлікке бастайтын мейірімді күш!
Бүгін Алматы Марафонына қатысып, 42 шақырым 195 метрді ойдағыдай жүгіріп өткен атақты қазақ альпинисі Мақсұт Жұмаев «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында осылай деді.
Оның айтуынша, мұндай әлеуметтік спорттық шаралар адамдардың әлеуметтік белсенділігін арттырады.
«Мен бүгін Алматы Марафонына қатысып, күннің сәулесінен де жарқын әсер алдым! Спорт шынында да адамдарды бірлікке бастайтын мейірімді күш! Аяғымның сіңірінің тартылып, ауырғанына қарамай, мәреден жүгіріп өткен кезімде әйелім мен балам келіп мені құшақтай алды. Сондағы қуанышымды айтып жеткізу қиын! Әйел-бала-шағаммен осылай көзіме жас алып қауышу үшін мен күнде осылай жүгіруге дайынмын! Бүкіл отбасымен қатысуға болатын осындай әлеуметтік жобалар отбасының бірлігін де арттыра түседі. Біз мықты бола түсеміз! Сондықтан, мұндай акциялардан қалыс қалмаңыздар!», - деді М. Жұмаев.