СПОРТ: Қанат Ислам «ҚазАқпаратқа» сұхбат беруге келді
Қанат Исламұлы - ҚХР, Шыңжаң Ұйғыр автономиялы өлкесінде 13 қыркүйек 1984 жылы дүниеге келген. Ол - кәсіпқой боксшы, WBA FedeCaribe тұжырымының чемпионы. Қанат Ислам орташа жеңіл салмақ бойынша Кариб аймағының үздігі. Әуесқой боксшы ретінде Қытай Халық Республикасы Ұлттық құрама командасының құрамында Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері, Чикагода өткен Әлем чемпионатының (2007) және Азия ойындарының (2006) қола жүлдегері. Қытайдың 10 дүркін чемпионы. Ұлты - қазақ. 2010 жылы азаматтығын ауыстырып, атамекені Қазақстанға көшіп келді. Ол «Астана Арландары» кәсіби клубының мүшесі ретінде 2012 жылға дейін өнер көрсетті. Қазір кәсіпқой боксшы, Нельсон (АҚШ) промоутерлік клубы атынан 18 жекпе жек өткізіп, оның 15-де нокаутпен жеңіске жетті. Лақап аты - Қазақ. Білімі - жоғары, Үрімші қаласындағы Педагогикалық университетін 2009 жылы тәмамдаған. Қанаттың Лондон олимпиадасына қатысуына Қытай тарапы қарсылық көрсетті. АИБА бұл мәселені қарастырып, Қанатқа Қазақстан атынан сайысқа түсуге рұқсат берді. Алайда, Қанат ұлттық құрама команда бапкерлері тарапынан қолдау таппай, Лондон Олимпиадасына қатыса алмады.