СПОРТ: Катардан қанша алтын алып қайтамыз?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни қазанның 5 күні Катардың бас қаласы Дохада бокс­тан ересектер арасындағы әлем чемпионаты жалауын желбіретеді.

СПОРТ: Катардан қанша алтын алып қайтамыз?

Бүгінгі АИБА-ның ресми сайты жариялаған мәліметтерге сүйенсек, биылғы әлем чемпионатына 77 мемлекеттен 260 боксшы қатысады деп көрсетіпті. Оның ішінде 94 боксшы Еуропадан, 66 боксшы Азиядан, 51 боксшы Америка құрлығынан, 32 боксшы Африка елдерінен және 17 боксшы Мұхит жағалауы елдерінен бақ сынайды.

Бірден айта кетейік, Доха қаласында келер жылы Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарына лицензия сарапқа салынады. Міне, осы біріншілікте 23 жолдама үлестіріледі. Турнирдің шарты бойынша 49, 52, 81 келідегі салмақтар бойынша финалға дейін жеткен боксшы Олимпиада жолдамасын қанжығасына байлайды. Ал 56,60,64,69,75 келі салмақтарға үш жолдама бөлінген екен. Аталған салмақ дәрежелерінде финалистен бөлек, үшінші орын алған спортшы да жолдамаға иелік ете алады. Ол үшін жартылай финалда ұтылған екі боксшы бір-бірімен кездесуі керек. Ал ауыр салмақтағы 91 және 91 келіден жоғары салмақта жұдырықтасатын боксшылардан тек чемпион атанған боксшылар ғана Рио Олимпиадасының жолдамасына иелік ете алады. Сондықтан кез келген спортшыға оңай соқпайын деп тұр.

Он күн бойы әлемнiң әр қиырынан жиналған боксшылардың шеберлiгi таразыға тартылатын айтулы бәсекеде Қазақстан намысын 8 боксшы қорғайды. Олар:

52 келіге дейін - Олжас Сәттібаев

56 келіге дейін - Қайрат Ералиев

60 келіге дейін - Зәкір Сафиуллин

69 келіге дейін - Данияр Елеусінов

75 келіге дейін - Жәнібек Әлімханұлы

81 келіге дейін - Әділбек Ниязымбетов

91 келіге дейін - Василий Левит

91 келіден жоғары - Иван Дычко

Міне, бокстан Қазақстан ұлттық құрамасын жаттықтыратын Мырзағали Айтжановтың сенім артқан сегіз мықтысы осылар. Қайсысының бағы жанып, жеңіс тұғырынан немесе жоғарыда атап өткен талаптарға сай өнер көрсете білсе, сол боксшы келесi жылы Бразилияда өтетiн жазғы Олимпиада ойындарының жолдамасын қанжығасына байлап қайтпақ.

Қазіргі таңда бокстан Қазақстан құрамасының қоржынында Олимпиада ойындарының үш жолдамасы бар. Ол жолдамаларды Біржан Жақыпов, Берік Әбдірахманов, Василий Левит өзге жобалар арқылы иелік еткен болатын. Енді қалған салмақтарда өнер көрсететін жігттеріміздің жолына үмітпен қарайтын боламыз.

Естеріңізде болса, осыдан екі жыл бұрын Алматыда өткен дүниежүзілік додада Қазақстанның ұлттық құрамасы 4 алтын, 2 күміс және 2 қола медальді олжалап, командалық есепте бас жұлдені иеленген болатын. Ал бүгінгі әлемдік біріншіліктегі басты мақсатымыз барынша жолдамаға иелік ету екені айтпасақ та түсінікті. Сондай-ақ, өз жерімізде өткен жарыстағы көрсеткішіміздің кездейсоқ емес екенін айдай әлемге тағы бір дәлелдеу.

Әлем біріншілігінің іріктеу кезеңдері 5-9 қазан күндері өтеді деп жоспарланған. Ширек финал 10 қазанға, ал жартылай финал 11-12 қазан күндеріне белгіленсе, финал 14-15 қазан күндері өтеді деп көрсетілген.

Осы орайда бокстан Қазақстан құрамасы әлемдік додадан қандай көрсеткіштерге қол жеткізгенін оқырман қауымның естеріне сала кеткенді жөн көріп отырмыз. Олай болса, қазақтың былғары қолғап шеберлері бағындырған биіктерді бірге оқиық.

Жалпы, Қазақстан бокстан әлем біріншілігіне тәуелсіз мем­лекет ретінде алғаш рет 1993 жылы қатысты. Осы жылы Финляндияның Тампере қаласында Василий Жиров (75 келі) тәуелсіз Қазақстаннан бокстан шыққан түңғыш қола жүлдегері атанды.

Ал 1995 жылы Берлинде өткен дода да жерлестеріміз жүлде санын еселеді. Онда Болат Жұмаділов (51 келі) күміс жүлдені, Василий Жиров (81 келі) екінші мәрте қола жүлдегер атанды.

1997 жылы Будапештте өткен әлем біріншілігінде қазақтың қос ұланы жүлдегерлер қатарынан көріне білді. Ермахан Ыбрайы­мов (71 келі) финалда небары екі ұпай айырмашылығымен қарсыласына жол беріп, күміс жүлдегер атанса, Болат Жұмаділов бұл жолы қола жүлдені қанжығасына байлады.

1999 жылғы дүбірлі дода АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтті. Бұл біріншілік қазақ елі үшін Қазақстан спортының тарихында алтын әріптермен жазылды. Олай дейтініміз осы біріншілікте қазақтың қарадомалақ ұлы Болат Жұмаділов (51 келі) бокстан тұңғыш әлем чем­пионы атанды. Ал Мұхтархан Діл­дәбеков (+91 келі) күміс, Ермахан Ыбрайымов (71 келі) қола жүлдені жеңіп алды.

2001 жылы Белфаста өткен біріншілікте Қазақстан қоржыны жалғыз медальмен толықты. Онда Галиб Жафаров (57 келі) күміс жүлдемен елге оралды.

2003 жылы Бангкокта өткен додада Қазақстан құрамасы сәтті өнер көрсете білді. Екі боксшымыз - Галиб Жафаров (57 келі) пен Геннадий Головкин (75 келі) әлем чемпионы атағын жеңіп алды.

2005 жылы Минянгте өткен әлемдік бәсекеде Қазақстанның қоржыны бірден бес медальмен (2 алтын, 3 қола) толықты. Серік Сәпиев (64 келі) пен Ердос Жаңабергенов (81 келі) әлем чемпионы атанса, Біржан Жақыпов (48 келі), Мират Сәрсембаев (51 келі) және Бақтияр Артаев (69 келі) қола жүлдені еншіледі.

2007 жылы Чикагода Серік Сәпиев (64 келі) тағы да қарсыластарынан өза шауып, екінші мәрте әлем чемпионы атағына қол жеткізді. Ал осы бәсекеде Бақтияр Артаев (75 келі) пен Еркебұлан Шыналиев (81 келі) қола медальға қол жеткізді.

2009 жылы Миланда өткен әлем біріншілігінде Қазақстан құра­масы жалғыз қола медальмен қайтты. Онда Серік Сәпиев (69 келі) қана жүлдегерлер қатарынан көрінді.

2011 жылы Бакуде өткен әлемдік біріншілікте 2 күміс, 2 қола медаль алып қайттық. Екі күмісті Серік Сәпиев (69 келі) пен Әділбек Ниязымбетов (81 келі) иеленсе, екі қоланы Ғани Жайлауов (60 келі) пен Иван Дычко (+91 келі) қанжығаларына байлады.

Ал 2013 жылғы әлем біріншілігі Алматыда өткенін жоғарыда атап өттік. Өз жерімізде өткен әлем чем­пионатында Біржан Жақыпов (49 келі), Мерей Ақшалов (64 келі), Данияр Елеусінов (69 келі) және Жәнібек Әлімханұлы (75 келі) жарыс жеңімпазы атанса, Әділбек Ниязымбетов (81 келі) пен Иван Дычко (+91 келі) қоржынымызды күміс медалмен толықтырды. Ал Қайрат Ерәлиев (57 келі) пен Берік Әбдірахманов (60 келі) қола жүлдегер атанды.

Жер­лестеріміз өздері тәуелсіз ел ретінде қатысқан 11 әлем біріншілігінде 10 алтын, 8 күміс және 14 қола медаль (жалпы 32 жүлде) олжалады.

Енді Дохада боксшыларымыз осы медалдар санын арттыра түседі деген сенімдеміз. Боксшыларымызға сәттілік жолдас болсын дейік, ағайын...

Күнсұлтан Отарбай