СПОРТ: Қазақстанда street workout кең етек жайып келеді (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан үшін жаңа спорттың түрі «street workout» (көшедегі спорт) жастар арасында кең тарап келеді. Республикада спорттың бұл түрімен шұғылданатындардың саны 100 мыңнан асса, Астанада 10 мыңға жетті, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.

СПОРТ: Қазақстанда street workout кең етек жайып келеді (ФОТО)

Street workout - Көшедегі, аулалардағы турникте , тағы осы секілді спорт құрылғыларда жасайтын жалпыхалықтық жаттығулары бар спорт түрі. Жаттығуларды тіпті жерде де орындауға болады.

Қазақстанда street workout ресми түрде спорттың бір түрі деп тіркелді. ҚР Спорт істері мен дене шынықтыру агенттігінде тіркелген street workout бойынша федерациясы да жұмыс істейді. Ал бұл спорттың еліміздегі тарихы 2009 жылы басталған. Федерация президенті Ислам Бадургов пен вице-президенті Рамазан Омаров бұл спортты Қазақстанда таратқан.

Астананың қысы суық болғандықтан біраз қиындықтар туындапты. Бірақ демеушілердің көмегімен спорттың бұл түрімен айналысатындар толық жабдықталған «Bar Bars» мамандандырылған спорт залын ашыпты. Мұнда 12 жасқа дейінгі балалар мен тұрмыс жағдайы төмен және көпбалалы жанұяның балалары тегін спортпен шұғылдана алады. Бүгінде street workout-қа деген қызығушылықтың артқаны сонша, қыс мезгілінің өзінде 200 адам жаттығады, тағы соншамасы дәлізде өз кезегін күтіп тұрады екен.

Қазіргі кезде қазақстандық федерация түрлі шаралар ұйымдастырып тұрады, оның ішінде қайырымдылық шаралары да бар. Елордалық «Bar Bars» құрамасы шақыртумен Ресей, Украина, БАӘ-де болды.

Street workout - спорттың қолжетімді түрі. Ол көп қаржыны қажет етпейді және споттың қауіпсіз түрі болып саналады.

«Аулада өткізетін жаттығулар үшін ақша алмаймыз. Қызығушылық танытқандарға үйретуге әзір тәжірибелі атлеттеріміз бар. Бізде жеке жаттығу үшін ақша алуға болмайды», - деді Ислам. «Жау жүрек мың бала» фильмінде ойнаған атақты қазақстандық жүргізуші және актер Артур Төлепов те спорттың бұл түрімен шұғылданады екен. «Street workout менің өмірімде маңызды орын алып отыр. Өйткені біздің «Bar Bars» командамыз үлкен бір отбасы сияқты. Біраз уақыттан кейін Street workout-қа қызығушылық танытқандардың саны одан да арта түсетініне сенімдімін!» - деді Артур.