Спорт комментаторы Гиннесс рекордтар кітабына енді - шетелдегі қазақ баспасөзі

АСТАНА. KAZINFORM – Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Гиннес
Фото: trt.net.tr

Жаздың ортасында әуесқойлар Шыңжаңға шаңғы тебуге келді - «Халық газеті»

Жақында бір блогер Шыңжаңдағы Мустаг(Мұзтау) шыңында шаңғымен сырғанаған видеосын жариялап, желі қолданушыларының қызығушылығын тудырды, деп хабарлайды Қытайдың «Халық газеті». 

Аталған БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, шілде айында Шыңжаңда шаңғы тебу таңсық емес. Сіз мұны Ду-Ку (Майтау-Күшар) тасжолында өз көзіңізбен көре аласыз. Бұл жолда «бір күнде төрт маусым, он шақырым сайын түрлі ауа райы» болады. 6 шілдеде Ду-Ку тасжолына қалың қар жауып, жол көктайғақ болып, кептеліс пайда болды. Көлік иелері қарлы жолда көліктерін итеруге мәжбүр болған.

«7 шілдеде Ду-Ку тасжолының теңіз деңгейінен 3400 метр бөлігіндегі Қашаілген асуында ауа температурасы 14℃ болды, туристер мұнда жазғы шаңғы тебуді тамашалады», деп жазды «Халық газеті».

Сонымен қатар осы аптада «Халық газеті» басылымында «Париж Олимпиадасына қатысатын Қытайдың спорттық делегациясы құрылды» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді.  

баспасөз
Фото: kaz.people.cn

Қытайлық басылымның келтірген деректеріне сүйенсек, 13 шілдеде Бейжіңде Қытайдың Париж Олимпиадасына қатысатын спорттық делегациясы құрылды. «Қытайлық спорт делегациясының жалпы саны 716 адам, оның ішінде 405 спортшы. Спортшылар арасында 42 Олимпиада чемпионы бар, ал 223-і Олимпиада стадионында алғаш рет өнер көрсетеді. Осы Олимпиада ойындарындағы қытайлық спорт делегациясы 30 негізгі, 42 қосалқы және 236 кішігірім іс-шараға қатысады», деп жазды People.cn.

Сондай-ақ, «Халық газеті» басылымында «Домбыра - қазақ халқының мәдени қазынасы» деген шағын бейнеролигі бар ақпарат жарияланды.

«Домбыра – қазақ халқының мәдениетінде маңызы зор екі ішекті шертпелі музыкалық аспап. Ол Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық регионында танымал және Қазақстан халқының өмірінде терең мәдени рөл атқарады. Домбыраның қоңыр әуеніне құлақ салыңыз!» деп жазды қытайлық басылым.

Қазақстан, Ресей, Иран және Түркіменстан ортақ келісімге қол қойды - Parstoday

Қазақстан, Ресей, Иран және Түркіменстан Солтүстік-Оңтүстік дәлізінің шығыс бағытын дамыту бойынша жол картасына қол қойды, деп хабарлады Иранның «Parstoday» ақпарат агенттігі. 

баспасөз
Фото: parstoday.ir

Аталған басылымның мәліметінше, бұл құжат дәліздің өткізу қабілетін 2027 жылға қарай жылына 15 миллион тоннаға, 2030 жылға қарай 20 миллион тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Қол қою Ақтауда өтіп жатқан «Солтүстік-Оңтүстік» бірінші көліктік сауда-экспорт форумында өткен. Оған 12 елдің, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия мен Экономикалық ынтымақтастық ұйымының өкілдері қатысқан.

Спорт комментаторы Гиннесс Рекордтар кітабына енді - TRT

Бокс матчтарының аңызға айналған даусы, ТRT спорт комментаторы Орхан Айхан Гиннесс Рекордтар кітабына енді. Орхан Айхан 61 жыл 275 күн еңбек етіп, ең ұзақ карьераға ие еркек спорт комментаторы атағын алды, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.  

Гиннес
Фото: trt.net.tr

Түркиялық БАҚ-тың дерегінше, 24 жасында радиода спорт комментаторы қызметін бастаған ол кәсіби өмірінде 6 Олимпиада мен көптеген чемпионатқа қатысты. Комментатор әсіресе бокс әлеміне қызығушылық танытты. Әлемге әйгілі боксшылар мен клубтардың жарыстарын ұсынған. Сонымен бірге ол футболдың аты аңызға айналған тұлғасы бразилиялық Пеленің мерейтойына қатысқан жалғыз түрік журналисі атағына ие.

«Орхан Айхан 61 жылдан астам еңбек жолы үшін Гиннестің Рекордтар кітабына енді. Әлі күнге дейін «TRT Spor» телеарнасында жұмыс істейді. Ол қазірге дейін 11 мың 500-ден астам матчты ұсынды», деп жазады түркиялық басылым. 

Сондай-ақ осы аптада «TRT» басылымында «Түрік университеті Қазақстан университеттерімен келісімге келді» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді.

Түркиялық БАҚ-тың дерегінше, Ататүрік университеті енді Қазақстанның кейбір университеттерімен ғылыми зерттеулерде ынтымақтасады. Аталған университет Қазақстанның кейбір университеттерімен және Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігімен (ТИКА) бірлескен ғылыми зерттеулер сияқты мәселелерде ынтымақтастық жасайды, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы. 

Түркиялық БАҚ-тың келтірген мәліметіне сүйенсек, университет тарапынан жасалған мәлімдемеге сәйкес ректор профессор, доктор Өмер Чомаклы «Жаңа буын университет жобалау және трансформациялау» жобасы аясында әлемдік университеттермен ынтымақтастық келісімдерін кеңейту мақсатында Қазақстанның кейбір университеттерін аралаған.

Ректор Чомаклы сапары барысында Қазақстандағы Түркия елшілігімен, ТИКА кеңсесі, Гумилев университеті және Агротехникалық университет басшыларымен де кездескен.

ТИКА сапары барысында Қазақстандағы түрік мектептері мен университеттері арасында түрлі жобаларда ынтымақтастық орнату туралы келісімге қол жеткізілді. Студент және оқытушы алмасу бағдарламалары, бірлескен ғылыми жобалар талқыланып, университеттердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған келісімдерге қол қойылған.

Ташкентте Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің филиалы ашылады - «ӨзА»

Өзбекстан мен Қазақстанның жоғары білім министрліктері арасында 2023 жылдың желтоқсанында тиісті келісімге қол қойылған еді. Ташкент облысының Шыршық қаласында Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің филиалы ашылады. Соған сәйкес Министрлер кабинетінің тиісті шешімі қабылданды, деп хабарлайды өзбекстандық «ӨзА» ақпараттық агенттігі. 

Гиннес
Фото: trt.net.tr

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, осыған орай, филиал қызметінің негізгі бағыттары экономика салалары үшін жоғары білікті мамандарды даярлау, білім, ғылым және өндірістің үздіксіздігі мен жүйелілігі қағидаттары, сондай-ақ әлемнің беделді білім және ғылыми орталықтарымен үйлесімді интеграция негізінде мамандар мен ғылыми кадрларды даярлау және қайта даярлау жүйесін жетілдірілмек. 

Гиннес
Фото: uza.uz

«Университет филиалы кадрлар қажеттілігіне қарай бакалавриат және магистратура мамандықтары бойынша барлық деңгейдегі мамандарды даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды жүзеге асыру және ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлауды жүзеге асырады», деп жазады өзбекстандық басылым.

Сондай-ақ, осы аптада «ӨзА» агенттігінде «Аксикенттен көне қылыш пен тиындар табылды» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.  

Спорт комментаторы Гиннес рекордтар кітабына енді - шетелдегі қазақ баспасөзі
Фото: uza.uz

Сонымен қатар Наманган облысында XI-XIV ғасырға тән көне қылыш, Бактрия мен Қытай монетасы, және ғұлама Әбу Насыр Әл-Фарабидің кітабы табылған.

Өзбекстанадық БАҚ-тың дерегінше, мамандар XI ғасырға тиесілі дейтін қылыш ұрыс жағдайында сақталған. Оны Аксикенттің ұсталары қатты болаттан жасаған. Ал екінші қару XIV ғасырға жатады және оны Әмір Темірдің арнайы сарбаздары қолданған екен.

Соңғы жаңалықтар