Спорт күні: Астанада қандай іс-шаралар ұйымдастырылмақ
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев елордада Спорт күні аясында ұйымдастырылатын іс-шаралар жайында айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жыл сайын тамыздың үшінші жексенбісі Қазақстанда Спорт күні аталып өтеді. Биыл бұл дата 20 тамызға сәйкес келіп отыр. Қазақстанда спортты дамыту жолында бұқаралық спорт қозғалысының ауқымын кеңейтуге және спорт жетістіктері үшін ынталандыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың ықпалы зор.
Спорт күніне орай 15 тамыз күні Qazaqstan спорт кешенінде салтанатты іс-шара өтеді.
18 тамыз күні қала әкімді мүмкіндігі шектеулі адамдарды тасымалдауға арналған арнайы жабдықталған Toyota Hience атвокөлігін табыстайды», - деді С. Жылқыбаев Астана қаласы коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар Байқоңыр, Есіл, Алматы және Сарыарқа ауданының кішкентай тұрғындары арасында спорт күніне арналған «Көңілді старт» іс-шарасы ұйымдастырылмақ.
Ал Есіл ауданы мекемелерінің қызметкерлері арасында үстел теннисінен турнир өткізу жоспарланып отыр.
«21-25 тамыз аралығында Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында джиу-джитсудан жасөспірімдер мен кадеттер (U14- U21) арасындағы әлем чемпионаты өтеді. Биылғы бәсекеге 42 елден 1200-ден астам спортшы келеді. Оның ішінде отандастарымыздың саны – 194», - деді басқарма басшысы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Астана спортшылары жыл басынан 4 мыңнан астам медаль жеңіп алған.