Спорт министрі жүлдегерлерге түрлі сыйлықтар беруге қатысты пікір айтты

АСТАНА. KAZINFORM – Түрлі жарыстардан жүлделі оралған спортшыларды жан-жақты қолдау керек. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлім етті.

мырзабосынов
Фото: Дамир Ерубаев

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілер демеушілер тарапынан спортшыларға берілетін сыйақыларға қатысты сұрақ қойды.

«Қазір жеңімпаздар мен жүлдегерлерге пәтер беру мәселесі тиісті заңда ескерілген. Сонымен қатар, басқа да бағалы сыйлықтар бойынша әкімдіктерге хабарласып, спортшыларымызды қолдау бағытында өзара кеңесеміз. Одан бөлек, ірі жарыстардан келген жеңімпаздарға ел азаматтары сыйақы түрінде демеушілік жасап, күтіп алады. Жақсы нәтиже көрсеткен спортшыларға автокөлік сыйлап, азаматтық танытып жатады», - деді К. Мырзабосынов.

Оның айтуынша, спортшылар бала кезінен жоғары спортқа жеткенге дейін тер төгіп, еңбек етеді. Абыройлы жарыстарда елдің туын жоғары көтеріп келе жатқандар бар.

«Олар патриоттық сезім мен салауатты өмір салтын насихаттауға елеулі үлес қосып келеді. Менің ойымша, спортшыны жан-жақты қолдау – ол дұрыс», - деді министр.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ нормалардың артық заңнамалық регламенттелуін болдырмау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды

Құжат аясында спорт федерацияларының қызметі де өзгереді.

Соңғы жаңалықтар