Спорт министрі ОАР-дан жеңіспен оралған каратэшілерді марапаттады (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жуырда Оңтүстік Африка Республикасының ең ірі қаласы Йоханнесбургте өткен әлемдік біріншілікте жеңіспен оралған каратэшілерді алғыс хаттармен марапаттады.

Спорт министрі ОАР-дан жеңіспен оралған каратэшілерді марапаттады (ФОТО)

Жалпы, әлем біріншілігінің қорытындысы бойынша Қазақстан 17 алтын, 9 күміс және 2 қола медаль жеңіп алған.

«Оңтүстік Африка Республикасында өткен 17-ші әлем чмепионатынан биік жетістіктермен оралдыңыздар. Сіздер 17 алтын, 9 күміс және 2 қола медаль иеленіп, Қазақстанның көк байрағын 17 рет аспанға шарықтаттыңыздар, әнұранымызды 17 рет шырқадыңыздар. Каратэ - Қазақстанда қарқынды дамып келе жатқан спорт түрі. Сондықтан, сіздерге қарап біздің жастар бой түзейді, спорқа ден қойып, салауатты өмір салтын ұстанады», - деді өз құттықтауында министр.

Жоғарыда айтқанымыздай, Қазақстан құрамасы командалық жарыстарда және жекелеп өнер көрсету арқылы 17 алтын, 9 күміс, 2 қола жүлдеге ие болды. Бүгін министрі Астана қаласы бойынша Каратэ-до федерациясының құрметті президенті Марат Ахмеджановқа, Астана қаласы бойынша каратэ-до федерациясының президенті Мейрамгүл Дукуеваға, Астана қаласы бойынша федерациясының вице-президенті Виктор Ешкинға, жаттықтырушы Елена Склярова, Зафар Саидов, Сергей Волченколарға, сондай-ақ спортшылар - Қайсар Қуаныш, Сержан Жамбыршин, Еркежан Мүтәліп, Әділет Үсенбаев, Данил Зайка, Даниэл Кан, Рауан Тоғызбаевтарға алғыс хат табыстады.