Спорт нысандары бюджеттен қаржыландырылмай олардың қолжетімділігі қамтамасыз етілмейді - Д. Назарбаева

АСТАНА. 25 сәуір. ҚазАқпарат -Спорт нысандары бюджеттен қаржыландырылмай олардың жұртшылыққа қолжетімділігі де қамтамсыз етілмейді.

Спорт нысандары бюджеттен қаржыландырылмай олардың қолжетімділігі қамтамасыз етілмейді - Д. Назарбаева

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында вице-премьер Ербол Орынбаевтың атына сауал жолдаған депутат Дариға Назарбаева осылай мәлім етті.

Өз сауалында депутат Д. Назарбаева Елбасы Жолдауында  спорт ғимараттарының бұқараға қолжетімді болуына қатысты мәселелер қамтылғанын айта келе, бұл бағытта қолданыстағы заңнама нормалары да бар екендігін атап өтті.

«Алайда, бұл құқық нормасын толығымен жүзеге асыру іс жүзінде қиындау болып отыр. Мәселен, бюджеттік заңнамада, оның ішінде облыстар бюджетінде спорт ғимараттарын ұстап тұруға қаражат бөлінбейді. Дегенмен, облыстық бюджетте спорт командаларын даярлауға, жарыстар өткізіп, спортты дамытуға қаражат қарастырылады», - дейді Д. Назарбаева.

Оның айтуынша, спорт ғимараттары мемлекеттік меншік болып, мемлекеттік коммуналдық заңды тұлғалардың қарауына жатады. Алайда, осы нысандарды тікелей бюджеттен қаржыландырмау мемлекеттік мүлікті басқарудың негізгі қағидаттарын жүзеге асыруға да кедергі келтіреді.

«Ең маңыздысы спорт ғимараттарын ұстап тұруды бюджеттен қаржыландырмай, біз осы нысандардың жұртшылыққа қолжетімділігін қамти алмаймыз. Сонымен қатар, салауатты өмір салтын қалыптастыруға да лайықты жағдайдыда  қамтамасыз ете алмаймыз», - дейді Д. Назарбаева.