СПОРТ: Өткен жылы жанкүйерін қуантқан 10 жеңімпаз

Илья Ильин. 12 желтоқсанда Грозныйда өткен Ресей Федерациясы Президентінің Кубогы үшін өткен дәстүрлі V халықаралық турнирде Илья Ильин екі мәрте әлем рекордын жаңартып, өзінің алып күш иесі екенін тағы бір дәлелдеді. Жұлқа көтеруде 191 кило салмақпен топ алдына шыққан Илья серпе көтеруде алдымен 225 килоға тапсырыс беріп алып, кейін оны 231-ге өзгертті. Өйткені, бұл кезде бір қарсыласы 230 килоға тапсырыс беріп қойған еді. Нәтижесінде, бәсекелесі бұған жете алмады да Ильин айтылған салмағын түк қиналмастан көтерді. Ол осынысымен-ақ турнир жеңімпазы болып тұрған. Бірақ ол мұнымен тоқтағысы келмей әлем рекордына таласып көруге тәуекел етті. Ол тағы 15 кило қосып, 246 килоға тоқталды. Штангаға өзінің 242 килолық бұрынғы рекордынан 4 кило артық салғызды. Бұл 436 кило болып тұрған әлемнің қоссайыстағы рекордын да жаңартуға ұмтылғаны еді. Қорытындысында, Илья Ильин сол мақсатына өте жоғары сеніммен жетті. Осы көрсеткіші арқылы қоссайыс бойынша жиғанын 437 килоға апарған Ильин тағы бір рекорд жаңартып үлгерді.
Геннадий Головкин. Биыл кәсіпқой боксшыларымыз да ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Олардың ішінде биыл үш рет жекпе-жек өткізген жерлесіміз Геннадий Головкин үшеуінде де жеңіске жетті. Жай жеңген жоқ, үш жекпе-жегін де мерзімінен бұрын аяқтады. Ол соның нәтижесінде орта салмақтағы WBA (Super), IBO, WBC (Interim) және IBF тұжырымдарының чемпионы атағын қорғап келеді. Геннадий Головкин америкалық «Bad Left Hook» басылымының нұсқасы бойынша 2015 жылдың үздік боксшысы атанды. «Бұл тізімде WBC тұжырымының чемпионы Сауль Альварес болса да, Геннадий Головкин әлемде орта салмақтағы №1 боксшы атанды.
Сонымен қатар, 2015 жылы жанкүйерін қуантқан кәсіпқой боксшы қандасымыз Қанат Ислам да үш кездесу өткізіп, үшеуін де мерзімінен бұрын аяқтады. Міне, Гена да, Қанат та - қазірге дейін жеңіліп көрмеген дара саңлақтарымыз. Бұлардан тыс кәсіпқой бокста тағы бір қазақ ұланы туымызды биіктен желбіретіп келеді.
Елдос Сметов. 2015 жылы дзюдодан Астанада әлем біріншілігі өтті. Бұл дода қазақстандықтар үшін екі бірдей ерекшелігімен есте қалды. Біріншісі, спорттың бұл түрінен әлем чемпионаты елімізде тұңғыш рет өтуі. Екіншісі, жапонның төл күресі саналатын дзюдодан тұңғыш рет қазақтың қарадомалақ ұлы әлем чемпионы атағына қол жеткізуі. Тарих парақтарын ашып қарасаңыз, еліміз егемендік алғалы дзюдодан бірде-бір қазақ баласы әлем чемпионатының ең биік шыңына көтерілген емес. Биыл бірінші болып, есімін тарих қойнауына алтын әріппен қалдырған бауырымыз - Елдос Сметов. Ол осы біріншілікте 60 келі салмақта өнер көрсетіп, әлем чемпионы атанды.
Ольга Рыпакова. 2015 жылы Рио Олимпиадасына жеңіл атлеттер арасында өптеген жолдамалар сарапқа салынды. Ол бәсекелерден біздің спортшыларымыз да қалыс қалған жоқ. Айталық, осы жылы «спорт ханшайымы» саналатын жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты Қытайдың Бейжің қаласында өтті. Бұл бәсекеде осыдан үш жыл бұрын Лондон олимпиадасында «алтын қыз» атанған Ольга Рыпакова бұл жолы да ел сенімін абыроймен ақтап, Рио Олимпиадасының жолдамасын жеңіп алды.
Денис Тен. Жекелей дәрежеде конькимен мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 2015 жылдың 14 ақпанында Сеулдегі «Төрт құрлық турнирінің» чемпионы атанды. Сонымен қатар, Денис Тен желтоқсанда Загребте өткен «Golden Spin» (Хорватия) турнирінде жеңіске жетті.
Жазира Жаппарқұл. 27 қараша күні АҚШ-тың Хьюстон қаласында Ауыр атлетикадан Әлем чемпионаты аясында 69 келіге дейінгі салмақ санатындағы әйелдер арасындағы жарыс өз мәресіне жетті.
Бұл жарысқа еліміздің атынан екі спортшы қатысқан болатын. Жазира Жаппарқұл жұлқа көтеру сайысында 116 келіні бағындырып, төртінші орынға табан тіресе, Майя Манеза небәрі 100 келіні ғана бағындыра алды. Ал, екінші серпе көтеру сайысында Жазира - 140 келі, Майя - 135 келі көтерді.
Қос сайыстың нәтижесінде 256 ұпай жинаған Жазира Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанса, 235 келіні бағындырған Майя үздік ондыққа ілікті.
Бейімбет Қанжанов. Қарашаның 14-де қазақстандық спортшы Бейімбет Қанжанов Мароккода өтіп жатқан самбо бойынша әлем чемпионатының жеңімпазы атанды.
52 келіге дейін салмақ санатындағы финалдық айқаста Қанжанов армениялық Тигран Киракосянды 4:2 есебімен ұтты.
Александр Зайчиков. Қазақстандық зілтемірші Александр Зайчиков Американың Хьюстон қаласында өткен ауыр атлетикадан әлем чемпионатында 105 келіге дейінгі салмақта алтын медальды олжалады.
Жұлқа көтеруде 191, серпе көтеруде 230 келіні еңсерген жерлесіміз жалпы есепте 421 келіні бағындырып, қарсыластарынан озық нәтиже көрсетті. Екінші орынды ресейлік спортшы Давид Беджанян алды, оның жалпы көрсеткіші - 411 келі. Ал үздік үштікті латвиялық Артурс Плесниекс түйіндеді. Ол жұлқа және серпе көтеруде 405 келіні бағындырды.
Элизабет Тұрсынбаева. 5 желтоқсанда Загребте (Хорватия) «Челленджер» сериясына кіретін мәнерлеп сырғанаудан Golden Spin дәстүрлі халықаралық турнирі мәресіне жетті. Бұл сында әлем және Еуропа чемпионы Елизавета Туктамышева (201,33) жеңіске жетті. Жерлесіміз Элизабет Тұрсынбаева (176,33) екінші орын иеленді. Ал үздік үштікті АҚШ өкілі Карен Чен (175,35) тұйықтады.
Еске сала кетейік, жалпы 2015 жылы қазақстандық спортшылар жылды Рио Олимпиадасына 43 жолдамамен аяқтады. Ал бұдан бөлек, ел спортшылары Олимпиада бағдарламасына кірген спорт түрлерінен өткен әлем чемпионаттарында 3 алтын, 5 күміс, 4 қола медаль жеңіп алып, әлемдік рейтингте 24-орынды иеленді.