Спорт саласында тікелей біріктірілген басқару жүйесі енгізілмек
АСТАНА. KAZINFORM — Алдағы уақытта мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын спорт түрлері «негізгі», «медальдық» және «ұлттық» болып үш санатқа бөлінеді. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.
«Қазақстан халқына Жолдауында және 2024 жылғы 27 тамызда Олимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездесу кезінде Мемлекет басшысы берген тапсырмаларға сәйкес Үкімет спортты дамыту бойынша бірнеше жүйелі шараларды асыруды қолға алды. Қазіргі таңда заң жобасы („Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу, сондай-ақ нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болдырмау туралы“ заң жобасы) әзірленді. Заң жобасы мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын спорт түрлерін үш санатқа бөледі: „негізгі“, „медальдық“ және ұлттық спорт түрлері. Сондай-ақ кәсіпқой командалық спорт клубтарына арналған қаржыландыру лимиттерін бекіту және спорттың басым түрлерін айқындау құзыреті спорт саласындағы уәкілетті органға беріледі. Бұл ретте спорт саласында тікелей біріктірілген басқару жүйесін енгізу көзделіп отыр», — деді Үкімет басшысы жауабында.
Оның айтуынша, аталған шаралар уәкілетті органға облыстық дене шынықтыру және спортбасқармаларының басшылыларын, спорттық ұйымдардың басшыларын, облыстық аға жаттықтырушыларды тағайындауға және қызметтен босатуға құзырет береді. Сонымен қатар басым спорт түрлерінің өңірлік тізімін бекітуге, өңірлік спортты қаржыландыруды бір жүйеге келтіруге мүмкіндік туғызады.
«Бүгінде балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде 134 спорт түрі дамып келеді. Оның 70-і жоғары спорт жетістіктеріне (Олимпиада, Паралимпиада және Азия ойындарының спорт түрлері), 11-і ұлттық спорт түрлеріне жатады. Ал қалған 53-і жоғарыда аталған спорт түрлері бағдарламасына кірмейді. Бұл бюджет қаражатының басымдық берілмейтін спорт түрлеріне жұмсалуына, тиісінше, шашыраңқылыққа әкеледі. Осыған орай қазіргі шашыраңқы басқару жүйесін өзгерту мақсатында балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде жан басына шаққандағы қаржыландыру әдістемесі әзірленіп жатыр. Бұл бюджет шығындарын оңтайландыруды қамтамасыз етеді және спорт резервін дайындау сапасын арттырады. Сіздермен осы нормаларды алдағы уақытта толық талқылайтын боламыз», — деді Олжас Бектенов.
Бұған дейін хабарланғандай, IX қысқы Азия ойындарының басталуына 100 күн қалды.