Спорт саласының дамуына үлес қосу мен үшін үлкен мәртебе - Әлемгүл Сабырхан

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бүгінгі жаһандану кезеңінде әйелдер адамзат ұрпағын жалғастырушы ғана емес, қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық үдерістердің қозғаушы күшіне айналып отыр. Нәзік жандылардың атқарушы билікте жемісті еңбек етіп қана қоймай, қандай қызметте болсын абырой мен табыс биігінен көріне отырып, уақыт көшінен қалмай, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен өнер, спорт салаларында дамуына зор үлес қосып келеді. Осындай аруларымыздың бірі – есімі қазір спортсүйер қауымға жақсы таныс, киокушинкай-кан каратэден халықаралық деңгейдегі спорт шебері, ақмолалық ару Әлемгүл Сабырхан дер едік.

Спорт саласының дамуына үлес қосу мен үшін үлкен мәртебе - Әлемгүл Сабырхан

Әлемгүл спорттық мансабын 8 жастан бастады. Содан бері 15 жыл ішінде ол республикалық, халықаралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп келеді. Сегіз дүркін Қазақстан чемпионы, сегіз мәрте халықаралық турнирлердің жеңімпазы атанды, 2015–2016 жылдары Әлем және Азия чемпионатында жүлделі орындардан көрінді. Ал, былтырғы жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен әлем чемпионатында жеңіс тұғырына көтеріліп, айды аспанға шығарды. Бұл жолғы жарыста спортшылар жеңіс үшін жанын салып бақты. Әлемгүлдің қарсыластары талай жарыстарда топ жарған кіл мықтылар болды. Дегенмен, олардың атақ-даңқы, бұрынғы жеңістері жас каратэшінің бойына үрей ұялата қойған жоқ.

Қыздардың күрес, каратэ, ауыр атлетика, бокс сияқты үлкен күшті қажет ететін спорт түрлерімен айналысуы бүгінде ешкімнің таңданысын тудырмайды. Содан болар, оның киокушинкай-кан каратэмен айналысқанына туған-туыстары да қарсы бола қоймаған. Спортшының әлем чемпионына дейінгі жолы бірден және кездейсоқ самғау арқылы емес, сатылап өсумен және көп тер төге отырып жаттығудың арқасында келді. Ол бұл табысқа жетуде өзінің бапкері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Азамат Тәкеновтің сіңірген еңбегінің зор екендігін ешқашан ұмытпайды. Білікті жаттықтырушысының тәлімімен спорттағы биіктерді бағындырып келеді.

«Кейінгі кездері халықаралық дүбірлі додаларда спортшы қыздарымыз тепсе темір үзетін жігіттерімізден қалыспай, еліміздің абыройын асқақтатып, сенім үдесінен шығып жүр. Байрақты жарыстарда еліміздің көк туын желбіретіп, спорт саласының дамуына үлес қосу мен үшін үлкен мәртебе. Сондықтан, каратэші болғаныма еш уақытта өкінбеймін. Қазір менің де жолымды қуған сіңілерім бар», - дейді Әлемгүл Сабырхан.

Бүгінгі күні жасындай жарқырап, биікке ұмтылған талантты спортшыны алда әлі де талай дүбірлі жарыстар күтіп тұр.