Спорт үйірмелерінің бюджетін бірыңғай Оқу-ағарту министрлігіне берген жөн - Асхат Аймағамбетов

асхат аймағамбетов
Фото: Мәжіліс

Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов спорт үйірмелерінің бюджетін бірыңғай Оқу-ағарту министрлігінің құзырына беруді ұсынды, деп хабарлайды Kazinform.

«Біздің айтып отырғанымыз – бірізділік керек. Өйткені әрбір мемлекеттік органның өз тапсырысы бар. Мысалы, Оқу-ағарту министрлігінде де, дәл осындай (Туризм және спорт министрлігіндегідей – ред.) үйірмелер бағытындағы спорттық тапсырыс бар. Сонда бізде статистика бойынша да, жалпы былай да қайталанып жатады. Әр министрлік өзінің тапсырысын бермей, бүкіл қаражатты бір министрлікке бекіту керек. Оның бәрі мектепте оқып жатқан балалар ғой. Сол ваучерлерді, купондарды, мемлекеттік тапсырысты біріздендіру мәселесін көтеріп отырмыз», - деді депутат.

Айтуынша, аталған ұсыныс Үкіметтен Парламентке келіп түсетін заң жобасында көрініс табуы мүмкін.

«Әрине, шешім қабылдайтын үкімет. Сондықтан үкімет бұл мәселеге бір нүктесін қояды деп ойлаймыз. Қазір заң жобасы Үкіметтен бізге келе жатыр. Сол құжат келгеннен кейін ішіне қандай нормалар енгізгенін қараймыз. Содан кейін барып бұл мәселені бірге талқылап, нақты шешім қабылдаймыз. Бұл жерде спорт үйірмелерін ғана айтып отырмын. Қалған үйірмелер қазір Оқу-ағарту министрлігінің құзырында. Ал спортқа екі бірдей министрлік қаражат бөліп отыр. Сондықтан қайталау болып жатыр», - деді Асхат Аймағамбетов.

Соңғы жаңалықтар