Спорт және дене шынықтыру агенттігінің төрағасы 2020 жылға дейін 924 спорттық нысанды салуды ұсынды
АСТАНА. 12 наурыз. ҚазАқпарат - 2020 жылға дейін республикамызда 196 миллиард теңгеге 924 дене шынықтыру және спорт кешендерін салу керек.
Бұл мәліметтермен бүгін еліміздің «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңының орындалу барасына байланысты Сенат депутаттарымен кездескен Спорт және дене шынықтыру агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияев таныстырды.
Оның деректеріне қарағанда, бүгінде республика қалаларында дене шынықтыру және спорт кешендеріне деген қажеттілік 324 бірлікті құрайды. Аталмыш кешендерді орнату үшін олардың әрқайсысына орташа есеппен алғанда 290 миллион теңге қажет. Ал 324 кешенге 94 миллиард теңге шығындалады.
«Аудан орталықтары мен елді мекендерге қажетті дене шынықтыру және спорт кешендері 600-ді құрайды. Ондағы кешендердің біреуінің құрылысы орташа есеппен алғанда 170 миллион теңгені құрайды деп алатын болсақ, барлық кешенді салуға 102 миллиард теңге қажет. Ал республика бойынша 2020 жылға дейін барлығы 196 миллиард теңгеге 924 дене шынықтыру және спорт кешендерін салуымыз керек»,-деді Агенттік төрағасы.