Спорт жетістіктері жайында көркем фильмдерді түсіру қажет - Мәдениет және спорт министрі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Анимациялық фильмдерге айрықша мән беру керек. Бұл туралы бүгін Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде осы ведомствоның басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлім етті.
None
None

«Жақында Елбасы кино өнерін дамыту бойынша нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, қазақтың тарихын баяндайтын көптеген көркем дүниелерді шығаруымыз керек. Мысалы Қазақ хандығы туралы туындылар керек. Неге біз жоңғарлармен соғысты ғана көрсете береміз. Басқа да жетістіктер баршылық»,-деді ол.

Министрдің пайымдауынша, кино туындыларда осындай алып жерді сақтап қалған ата-бабалар жайында және ғылыми тұлғаларды қамту керек. Осы орайда Жүсіп Баласағұн, әл-Фараби және өзге де тұлғалардың жетістіктерін көрсету маңызды.

Министр спорт жетістіктері жайында көркем фильмдерді түсіру қажеттілігін қадап айтты.

Анимация саласына ерекше мән беру керектігіне тоқталған ведомство басшысы, «Мысалы «Дисней» мультфильдерден бастаған болатын. Қазіргі кезде ол үлкен ойын-сауық индустриясы орталығына айналды. Барлық жеге барсаңыз «Диснейленд» өнімдерін көресіздер. Бейжің Олимпиадасына тоқталатын болсақ, «Кунг-фу Панда» бір олимпиаданың ғана символы емес, сонымен қатар тұтас бір елдің символына айналды. Сол себепті біз анимация саласына баршамыз болып ерекше көңіл бөлуіміз маңызды»,-деді ол.

«Қазіргі кезде біздің атақты «Алтын адам» туралы не деректі фильм немесе көркем және анимациялық фильмдер жоқ. Осындай тарихи оқиғаларды тек Қазақстанда ғана емес, барша әлемге паш етуіміз қажет»,-деді А. Мұхамедиұлы.

Соңғы жаңалықтар