Спорт жұлдыздары қазақстандықтарды Наурыз мерекесiмен құттықтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан намысын халықаралық ареналарда сәттi қорғап жүрген атақты спортшыларымыз Ұлыстың ұлы күнi - Наурыз мерекесiнде Instagram желiсi арқылы барша қазақстандықтарды құттықтады.

Спорт жұлдыздары қазақстандықтарды Наурыз мерекесiмен құттықтады

Осы тұста, ауыр атлет Владимир Седов мемлекеттiк тiлде: «Наурыз амандық, қуаныш, жақсылық әкелсін! Көктем жылуы мен өмір қуанышын тілеймін! Мықты денсаулық пен ұзақ өмір, құшақ толған гүл мен ықылас тілейміз!» деген бiрауыз құттықтауын жолдап, оқырмандарына жақсы сыйлық жасады. Тағы бiр апайтөс зiлтемiршiмiз Жасұлан Қыдырбаев та мерекеден тыс қалған жоқ. Тау бөктерiнде ол арнайы бейнеқұттықтау түсiрiп жiберген. Онда ол: «Барлықтарыңызды Ұлыстың ұлы күнi - Наурыз мерекесiмен құттықтаймын! Наурыздан Наурызға жете берейiк, табыс-берекеге жете берейiк! Наурыз құтты болсын!» деп жүрекжарды лебiзiн жеткiзген.

Зарина Дияс та өзiнiң жылы лебiзiн қалдыруды ұмытпады. «Наурыз құтты болсын!» деп қана халқын құттықтаған теннисшi қызымыздың өз ана тiлiне, салт-дәстүрiне деген құрметi тәнтi еттi.

Кәсiпқой боксшымыз Роман Жайлауов ерге тән мiнезбен көп сөзге жол бермегенге ұқсайды. «Наурыз құтты болсын!» деген сөздерiмен қатар, Инстаграмм арқылы құттықтау суретiн салып жiбердi. Қазiр Роман АҚШ-та келесi жекпе-жегiне қызу жаттығуда.