Спортқа да саясаттың салқыны тиіп жатқан жайы бар - қызылордалық маман
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат – Ауыр атлет Илья Ильиннің талантын алғашқы болып таныған белгілі бапкер Асқар Меңдияров бүгінде басшылық қызмет атқарады. Кезінде оның өзі де аталған спортпен айналысып, жоғары табыстарға қол жеткізді. Қай кезде де ол ауыр атлетиканың дамуынан шет қалған емес. Бұл жөнінде жас өрендерге ақыл-кеңесін айтып, олардың шеберлігін жетілдіруге көңіл бөледі. Спорт күні қарсаңында ҚазАқпарат тілшісі еліміздегі ауыр атлетиканың дамуы, болашағы мен алдағы жоспарлар жөнінде ой бөліскен еді.
- Алдымен, Сыр өңіріндегі ауыр атлетиканың дамуы жөнінде ой қозғап кетелік. Облыста аталған спорттың өркендеуіне кім әсер етті?
- Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында Қызылорда кеңінен қанат жая бастады. Бүгінде талай таланттың танылуына жол ашқан Вилорий Пак сол кезде ел ішінен зілтемір көтеруге бейім жас өрендерді тауып, оларды қиын да қызықты спорт түріне баулыды.
Рас, ауыр атлетика мен үшін таңсық спорт түрі еді. Мен оқитын мектепке аймаққа Вилорий бапкер келді. Оң-солын енді танып келе жатқан өрендерге өзі жетекшілік ететін үйірменің қыр-сырын айтып берді. Ол кезде мен небәрі он жаста едім. Ата-анаммен ақылдаса келе ауыр атлетика үйірмесінің есігін аштым. Қасымда Ғалым, Ғани, Талант, Талғат, Ардақ есімді достарым бар. Талантты тани білетін бапкер Вилорий оларды құшақ жая қарсы алды. Ұғымтал ұландарға асықпай ауыр атлетиканың қызығы мен қиындығы жайлы айтып берді.
- Ол кезде материалдық-техникалық базаның жағдайы қалай еді?
- Біздің балалық шағымызда қазіргідей қарыштап дамыған техника жоқ. Бар көретініміз – теледидар. Көгілдір экраннан көптеген спорт түрлерінен жарыстар жайлы көрсетеді. Сол сәтте біз Анатолий Храпатый есімді қазақстандық ауыр атлетті жанымызға жақын тартамыз. Сан алуан сайыста сыр бермеген саңлақ талай жүлдеге қол жеткізді. Олимпиаданың алтыны мен күміс медалін мойынға тақты. Әлем чемпионатында бес мәрте алтын, екі мәрте қола алды. Өзге де жарыстарда жетістікке жетті. Храпатый біз секілді өрендерге өнеге болды. Одан бұрынғы жылдарда да Олимпиада чемпионы атанған теміртаулық Юрий Зайцев (1976, Монреаль), шахтинскілік Виктор Мазин (1980, Мәскеу) сынды саңлақтар болды. Біз солар секілді болуға ұмтылдық.
Алғаш рет чемпион атанғанда небәрі 12 жаста едім. 1987 жылы Арқалық қаласында өткен ел біріншілігінде жеңімпаз тұғырынан көріндім. Одан кейін жасөспірімдер мен жастар арасында тоғыз мәрте ел чемпионы атандым. Ал 1994 жылы Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында өткен Орта Азия елдері жарысында жеңімпаз атандым. Арада бір жыл өткенде Ресейдің Санкт-Петербург қаласында жалауын желбіреткен Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері спартакиадасында күміс жүлдегер болдым.
- Ауыр атлетикамен небәрі 20 жасыңда қош айтысқан екенсің. Оған не себеп болды?
- Бұл жылдарда біздің елімізде ауыр атлетика спорты енді-енді өркенін жайып келе жатқан кезі еді. Мені бапкерлер ересектер арасындағы ұлттық құрамаға қабылдауға ниет білдірді. Десе де, алған жарақатыма байланысты жарыс жолын жалғастыра алған жоқпын. 1996 жылы бапкерлік қызметке бет бұрдым.
Бапкерлік те оңай емес. Жауапкершілігі үлкен. Вилорий ұстазыммен кеңесіп, талай таланттың жұлдызы жануына күш салдым. Бұрынғыдай емес, бұл салаға да қамқорлық көрсетіле бастады. Қажетті құрал-жабдық қатары толықты.
Жергілікті халық көп жылдарға дейін ауыр атлетиканың қыр-сырын түсіне қойған жоқ. Ауыл баласы негізінен оң жамбасына келетін күрес түрлерін таңдайтын. Олардың көбісі облыс орталығында орналасқан Жалаңтөс баһадүр атындағы спорттағы дарынды балалар мектеп-интернатына түсуге келетін. Бұл жерде кез келген өренді бірден қабылдай қоймайды. Түрлі сынақтар болады. Содан сүрінбей өткен баланың аталған білім ордасында тәлім алуына мүмкіндік туады.
- Қазір елімізде Қызылорда ауыр атлетикасы жоғары бағаланады. Мұндай оң нәтижеге қалай қол жетті?
- Қашанда талантты жастарға кенде емеспіз ғой. Әрине, әркімнің қабілет-қарымын бағалауың тиіс. Біз дарынды ұландарды кейде кездейсоқ кездестіріп жатамыз. Спортшы тәрбиелеу оңайға соқпайды. Шәкіртің толайым табысқа кенеліп жатса, қандай ғанибет?! Барлық бапкер сол жолда тынбай тер төгеді. Аталған спорт мектебіне келген өрендер арасынан ауыр атлетикаға бейім талай жанға жол сілтедік. Олардың арасынан үмітімізді ақтаған шәкірттеріміз де аз емес. Қазір Алмас Өтешовті жанкүйерлер жақсы біледі. Ол әуелгіде күреспен айналысқан болатын. Оның болмыс-бітіміне қарап ауыр атлетикаға ыңғайлы екенін байқаған едік. Біздің берген ақыл-кеңесімізден кейін зілтемір көтерудің қыр-сырын меңгерді. Алмас үмітімізді ақтады, Әлем және Азия чемпионаттарында қоржынға жүлде салды. Азия ойындарында да топтың алдынан көрінді.
2000 жылдардан бері де Сыр өңірінің ауыр атлетикасында талай талантты жастар бой көрсетті. Жергілікті бапкерлер тәрибелеген Айбол және Жеңіс Алдабергеновтер, Роман Русяновский, Дәурен Шаутеев, Жомарт Жарасбаев сынды саңлақтар сан алуан сайыстарда жеңімпаздар қатарынан көрінді. Өмір сәттілік пен сәтсіздіктен тұрады емес пе?! Олардың кейбірінің бағы жанбаған шығар. Ендігі бірінің бабы келіспеді ме екен? Десе де, олардың жолын жалғаған өрендер қатары бүгінде де аз емес. Кейінгі жылдарда Әділбек Балқаев, Есенгелді Сәпи, Рахат Бекболат, Айсамал Сансызбаева, Айзада Мүптілда, Азамат Төлеген сынды үздіктер шықты.
- Кейінгі жылдарда әлемдік жарыстарда Рахаттың есімі жиі аталады. Сол жөнінде ой-пікіріңді біле кетсек...
- Рахат секілді дарынды ұландарға барынша қамқорлық көрсетілуі тиіс. Спортшының бабында болуы – басты талап. Қажетті тағамдар және витаминмен қамтамасыз еткеніміз дұрыс. Осындай қолдаудың нәтижесінде еліміздің спорт көгінде талай таланттар жарқырай түседі.
- Қазір допингке байланысты дау-дамай кездесіп қалады. Еліміздің кейбір ауыр атлеттері осының салдарынан үлкен спорттан шеттетілді. Бұған көзқарасың қалай?
- Менің ойымша, әлемде спорт саласына да саясаттың салқыны тиіп жатқан жайы бар. Жер-жаһандағы іргелі елдердің арасындағы қырғи-қабақ көзқарас кейбір белгілі спортшылардың жолын байлайды. Қазір бірқатар ауыр атлеттер қан құрамынан допинг табылды деген желеумен үлкен спорттан шеттетілді. Мұндай келеңсіз жағдай қазақстандық жастарға да кедергісін келтірді.
Көптеген тексеруде таза шыққан таланттарға қалайша бірнеше жылдан кейін допинг пайдаланды деген байлам жасалады? Бұл – ешбір логикаға сыймайтын түсініксіз жағдай. Осындай қисынсыз жағдайға байланысты көптеген жастар үлкен спортпен қош айтысты. Әрине, алдағы уақытта әлемде бұған байланысты оң шешім қабылданады деген үміттенемін. Сонда ғана спортшылар әділетті жолмен жеңіске жетеді.
- Қазір шетелден спортшылар алып келуге әуеспіз. Бұл ел спортының дамуына қаншалықты әсер етеді?
- Мұндай жағдай ауыр атлетика саласында көп кездесті. Қазір де өзге елдерден шақыруға әуеспіз. Олар төменгі жалақыға келмейді. Бұл мақсатта қыруар қаржы жұмсалады. Сондықтан ойланғанымыз дұрыс. Ақшаны балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға жұмсағанымыз абзал. Ол өз жемісін береді. Оның орнына өзге елден білікті бапкер алып келген пайдалы. Қазақстандық жанкүйерлер түркиялық Энвер Туркелери деген маманды жақсы біледі. Талай талантқа ақжол сілтеген ол еліміздің ауыр атлетика құрамасына кеңесші ретінде ұзақ жылдар бойы еңбек етті. Білікті бапкер әрбір шәкіртінің мүмкіндігін толықтай біледі. Сол арқылы жүйелі жұмыс жүргізді. Кейінгі жылдарда қазақстандық ауыр атлеттердің Әлем және Олимпиада секілді додаларда топ жарғанын сол кісінің өлшеусіз еңбегінің жемісі деп санаймын.
- Қазіргі және бұрынғы спорттың дамуында қандай өзгерістер бар?
- Бұрынғы және қазіргі уақыттағы спорт саласының дамуын салыстыра алмайсың. Ертеректе жағдай оңай болмады. Жарысқа жол қаражат табудың өзі қиынға соғатын. Басқа да кедергісі аз болған жоқ. Бүгінде мұндай түйткілдің барлығы өзінің шешімін тапты. Әлемнің қай қиырындағы додаға бару үшін мемлекет тарапынан қамқорлық көрсетіледі. Сан алуан сайыстарда жеңіс тұғырынан көрінген саңлақтарға елге келгеннен кейін қомақты сыйақы беріледі. Бұрын спортшылар мұндай қолдаудан тыс қалып келді. Ал Олимпиада чемпионы мен жүлдегеріне мемлекет тағайындаған арнайы сыйлықтар тағы бар.
- Әңгімеңізге рақмет.