Спортшы тек жеңіске емес, спорттан кейінгі өмірге де дайын болуы керек — психолог
АСТАНА. KAZINFORM - Үлкен жарыстар – медаль үшін бәсекемен қатар, спортшыға түсетін зор психологиялық салмақ. Жанкүйерлердің қысымы, ел үміті, жеңілістен қорқу және төреші шешімдері тіпті физикалық тұрғыдан жақсы дайындалған спортшының өз мүмкіндігін толық көрсетуіне кедергі келтіруі мүмкін.
Спортшылардың жарыс алдында не себепті «күйіп кететіні», әлеуметтік желідегі пікірлерді оқыған дұрыс па және спорттық мансап аяқталғаннан кейін де психологиялық жұмысты неге жалғастыру қажет екені туралы ұлттық құрамалардың психолог-кеңесшісі Әлия Биғазина Kazinform тілшісіне айтып берді.
– Әлия, өзіңіз және спортшылармен жүргізіп жүрген жұмысыңыз туралы айтып өтсеңіз.
– Мен Астана қаласында тәжірибелік психолог болып жұмыс істеймін. Когнитивті-мінез-құлықтық бағытты ұстанамын. Спортшылармен екінші жыл жұмыс істеп келемін. Бұған дейін қысқы спорт түрлерінің өкілдерімен – конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, фристайл-акробатика спортшыларымен жұмыс істедім. Олимпиададан кейін спортшыларды Азия ойындарына дайындауға басымдық бердік.
– Спорт психологиясы дегеніміз не? Оның жалпы психологиядан айырмашылығы қандай?
– Спорт психологиясы – спортшылардың мінез-құлқын, эмоционалдық жағдайын және психологиялық дайындығын зерттейтін психология саласы. Жоғары жетістіктер спорты өте жоғары деңгейдегі күйзеліспен байланысты. Сондықтан осындай жағдайда спортшының психологиялық тұрғыдан басынан не өтіп жатқанын түсіну маңызды.
Бұл – толыққанды ғылыми бағыт. Қазақстанда да спорт психологиясы біртіндеп қарқынды дами бастады.
– Спортшылар сізге көбіне қандай психологиялық мәселелермен жүгінеді?
– Негізгі мәселелердің бірі – орасан зор қысым. Спортшылар мемлекетке, халыққа, құрамаға қарыздармыз, міндетті түрде жүлде әкелуіміз керек деп ойлайды.
Бір жағынан, жауапкершілік сезімі адамды ынталандыруы мүмкін. Екінші жағынан, шамадан тыс қысым нақты міндетке назар аударуға және спортшының өзінің шынайы мүмкіндігін көрсетуіне кедергі келтіреді.
Кейде жаттығу кезінде спортшының толық дайын екенін көреміз. Бірақ жарыс кезінде мазасыздықтың жоғары болуына байланысты өз әлеуетін жүзеге асыра алмай қалады. Спорт психологының міндеті – спортшыға алаңдататын және қысым жасайтын ойлардан алшақтап, жарыс кезінде тікелей спорттық міндетке шоғырлануға көмектесу.
– Сіз түрлі спорт өкілдерімен жұмыс істейсіз. Әр спорт түріндегі психологиялық мәселелердің айырмашылығы бар ма? Қай спортта қысым көбірек сезіледі?
– Әрине, әр спорт түрінің өзіндік ерекшелігі бар. Бірақ барлық жерде спортшы нәтижеге бағытталады. Сондықтан негізгі мәселелер ұқсас: жоғары стресс, алаңдаушылық және қысым.
Нәтижесі төрешілердің бағасына байланысты спорт түрлерінде белгісіздік факторы қосылады. Мысалы, мәнерлеп сырғанау, көркем гимнастика, бокс сияқты спорттарда төреші факторы бар. Спортшы төрешінің шешімін басқара алмайды, бұл қосымша стресс тудырады.
Ал нәтиже метр немесе секундпен өлшенетін спорт түрлерінде критерийлер анағұрлым нақты. Мұнда белгілі бір нәтиже бар: жеңіс немесе жеңіліс.
– Спортшылармен жұмыс істегеннен кейін жаттықтырушылар мен федерацияларға да ұсыныс бересіз бе? Мәселен, жарысқа психологиялық тұрғыдан дұрыс дайындалу жөнінде.
– Әрине. Жұмыс ең алдымен спорт үшін маңызды психологиялық дағдыларды жан-жақты диагностикалаудан басталады. Диагностика нәтижесіне қарай жаттықтырушыларға ұсыныстар әзірленеді: қандай қасиеттерді дамыту қажет, қай дағдылар спортшыда жоғары деңгейде қалыптасқан және дайындық пен жарыс кезінде сол қабілеттерге қалай сүйенуге болады.
Спортшылармен бірге жарысқа дайындық хаттамасын әзірлейміз. Мұндағы маңызды міндеттердің бірі – спортшының жарыс басталмай тұрып «күйіп кетуіне» жол бермеу.
Кейде спортшы тым ерте жұмылуға және алаңдауға кіріседі. Мысалы, жарыс екі-үш күнге созылады делік, ал спортшы үшінші күні ғана өнер көрсетеді. Ол алғашқы екі күнде құрамадағы әріптестерінің өнерін бақылап, оларға жанкүйер болып, болып жатқан жағдайды эмоционалды түрде бірге өткереді.
Бұл кезде ағза жауынгерлік дайындық жағдайына көшеді: тамыр соғысы жиілейді, жүрек соғуы күшейеді, бұлшықеттер ширығады. Осының бәрі энергия мен күшті талап етеді және қалпына келу процесіне кері әсер етеді.
Нәтижесінде спортшы өз стартына жеткенде эмоционалдық әрі физикалық тұрғыдан шаршауы мүмкін. Сондықтан біз спортшыларға тым ерте жұмылмауды үйретеміз. Ол үшін денені босаңсыту және когнитивті техникаларды қолданамыз.
Дегенмен барлығына ортақ әмбебап әдіс жоқ. Әр адамға жеке тәсіл қажет. Психолог спортшымен алдын ала жұмыс істеп, оның ерекшеліктерін анықтап, бірге жеке хаттама әзірлеуі керек: жарысқа үш күн қалғанда не істеу керек, бір күн қалғанда қандай әрекет жасау қажет, жарыс қарсаңындағы кешті қалай өткізу керек және старт күні неге көңіл бөлу керек.
Егер психологқа жарысқа бір апта қалғанда «Жақында старт бар, бірдеңе істеп беріңіз» десеңіз, бұл тәсіл жұмыс істемейді.
– Қазір спортшылар әлеуметтік желілерде өте белсенді. Онда қолдаумен қатар сын мен хейтке де тап болады. Жарыс алдында әлеуметтік желіні пайдалануды шектеу керек пе?
– Біз спортшыға әлеуметтік желіні пайдалануға тыйым сала алмаймыз. Оның үстіне қазіргі уақытта жеке брендтің маңызы зор.
Дегенмен жарыс алдында цифрлық детокс жасауды ұсынар едім. Ал спортшы жеңіліп қалса, бірден әлеуметтік желіге кіріп, барлық жағымсыз пікірді оқудың қажеті жоқ.
Мұның бәрі адамның бойына жинала береді. Әрине, адамның психикасы көп нәрсеге төтеп бере алады. Бірақ онсыз да эмоционалдық тұрғыдан осал жағдайда тұрған кезде неге жағымсыз пікірлердің тұтас легін бойымызға жинауымыз керек?
– Қазақстанда спортшылардың мансабын аяқтағаннан кейінгі мәселелері де ара-тұра талқыланады. Кейбірі түрлі тәуелділіктерге, соның ішінде алкогольге тәуелділікке тап болады. Спорттан кеткендер үшін арнайы психологиялық бағдарлама қажет пе?
– Меніңше, мансаптың аяқталуын күтудің қажеті жоқ. Спорт психологиясын спорт мектептері деңгейінен бастап енгізіп, кейін ұлттық құрамаларда да бұл жұмысты жалғастыру керек.
Спортшы мансабын қашан және қалай аяқтайтыны туралы алдын ала ойлануы, бұл кезеңге біртіндеп дайындалуы және қаржылық сауаттылығын дамытуы керек.
Алкогольге жүгіну көбіне проблемадан қашудың бір түрі болуы мүмкін. Адамға белгілі бір қиындықтармен бетпе-бет келу ауыр болған кезде, ол одан қашуға тырысады.
Спортшы мансабын аяқтағаннан кейін оған үлкен вакуум пайда болғанын елестетіп көріңіз. Егер ол оған мүлдем дайындалмаса, қаржылық тұрғыдан қамданбаса, қажетті білім алмаса және әрі қарай немен айналысатынын жоспарламаса, бұл кезеңді өткеру өте қиын болуы мүмкін.
Әлемде Олимпиада чемпиондарының спорттық мансабын аяқтауды ерекше ауыр қабылдайтын жағдайлары да кездеседі. Бұл мәселені, мысалы, Майкл Фелпс спортшылардың психикалық денсаулығына арналған «The Weight of Gold» деректі фильмінде көтерген.
Олимпиададан кейінгі орасан зор эмоционалдық серпілістен соң және ұзақ жылдар бойы бір ғана мақсатқа ұмтылғаннан кейін адамның қалыпты өмірге оралып, әрі қарай не істейтінін түсінуі қиын болуы мүмкін.
Сондықтан психологтың жұмысы тек маңызды жарыстарға дайындықпен шектелмеуі керек. Бұл Олимпиададан кейінгі кезеңді және спорттық мансапты үйлесімді аяқтауды да қамтитын үздіксіз процесс болуы қажет.
– Демек, психологиялық сүйемелдеу спортшы дайындығының тұрақты бөлігі болуы керек пе?
– Иә. Спорт психологиясы спорт жүйесінің ажырамас бөлігі болуы тиіс.
Спорт мектептерінде психологтардың жұмыс істеп жатқаны – өте жақсы көрсеткіш. Алайда ұлттық құрамалар деңгейіндегі жағдай әртүрлі: кейбірінде психолог бар, кейбірінде жоқ. Әр құрамада осындай маман болса, жақсы болар еді.
Сонымен қатар білікті психолог клиникалық бұзылыстардың белгілерін – депрессия, мазасыздық және паникалық бұзылыстар, тәуелділіктер, соның ішінде ойынға тәуелділік белгілерін ажырата білуі керек.
Егер психолог спортшымен тұрақты жұмыс істесе, мұндай белгілерді дер кезінде байқап, қажет болған жағдайда адамды тиісті маманға жібере алады.
– Ал жаттықтырушылармен психологиялық жұмыс жүргізіле ме? Өйткені психологиялық ахуалға жаттықтырушының спортшыға деген қарым-қатынасы да тікелей әсер етеді. Кейде спортшыларға дөрекі қарым-қатынас жасау немесе тіпті физикалық күш көрсету жағдайлары талқыланып жатады.
– Мен жұмыс істеген ұлттық құрамаларда мұндай жағдайларға тап болған жоқпын. Бірақ жүйе әрі қарай да дами береді деп үміттенемін.
Спорт мектептерінде психологтардың жұмыс істеуі – үлкен жетістік. Балалық шақтан бастап дұрыс түсінік қалыптастыру маңызды. Бала жаттықтырушының қарым-қатынасы қандай болуы керек екенін, ненің дұрыс, ненің дұрыс емес екенін түсінуі тиіс.
Спортшыларға өз шекарасын қорғауды үйрету қажет. Сонда ұлттық құрама деңгейіне өткен кезде олардың өзіне қандай қарым-қатынасты қабылдауға болатыны туралы түсінігі қалыптасады.
Мен ересек, жоғары деңгейде өнер көрсететін топ спортшыларымен жұмыс істеймін. Бұлар – мінезі мықты, өзін-өзі жақсы түсінетін және өзін құрметтеу деңгейі жоғары адамдар. Сондықтан жеке тәжірибемде мұндай мәселелерге әзірге тап болған жоқпын.
– Қазақстанда спорт психологиясы қаншалықты дамыған? Мамандар жеткілікті ме, оларды университеттер даярлай ма?
– Қазақстандағы жағдайды толық бағалай алмаймын және еліміздегі әр спорт психологты жеке танымаймын. Бірақ Ресей, Қытай, АҚШ немесе Еуропа елдерімен салыстырғанда, бізде бұл сала әлдеқайда аз дамыған. Яғни спорт психологиясы енді ғана қалыптасып келе жатқан бағыт деп айтуға болады.
Ең алдымен ғылыми база қалыптастыру қажет. Спорт психологиясы – ғылыми сала. Спортшылармен жұмыс кезінде қолданылатын барлық хаттамалар мен әдістер ғылыми дәлелдерге негізделіп, тиісті зерттеу топтарында сынақтан өтуі керек.
Бірыңғай мектеп пен стандарттар болмаса, бір құрамада психолог бір әдіспен, екіншісінде мүлдем басқа әдіспен жұмыс істейтін жағдай қалыптасуы мүмкін.
Қазіргі таңда ұлттық деңгейде спорт психологтарының арасында жүйелі өзара байланыс бар деп айта алмаймын.
Сонымен бірге алғашқы қадамдар жасалып жатыр. Астанада спорт психологтары қауымдастығы жұмыс істейді, Алматыда Туризм және спорт академиясы базасында жұмыстар жүргізіледі. Конференциялар мен кездесулер ұйымдастырылады.
Бірақ бұл жеткіліксіз. Ғылыми жарияланымдар мен зерттеулер саны артып, қазақстандық мамандар халықаралық ғылыми ортада көбірек көрінуі керек. Психологтар тек тәжірибеші емес, зерттеуші де болуы қажет.
Астанада Қазақ ұлттық спорт университетінің ашылуы да бұл бағыт үшін үлкен мүмкіндік береді. Оның базасында зерттеу жүргізуге болады, қажетті инфрақұрылым бар. Ең бастысы – осы бағытты одан әрі дамыту.
– Спорт психологиясы қай елдерде жақсы дамыған? Шетелдік тәжірибені меңгерудің қажеті бар ма?
– Әрине. Спорт психологиясының мойындалған мектептерінің бірі – Ұлыбританияда. Бұл бағыт онда жақсы дамыған.
Сондай-ақ Ресей, Германия, Испания, АҚШ және Қытайда мықты мектептер бар. Қытайда ғылым өте жоғары қарқынмен дамып келеді.
Scopus деректеріне сәйкес, Қытай әлемдегі ғылыми жарияланымдардың шамамен 27 пайызына ие және бұл үлес өсіп келеді. Сондықтан бізге Қытайдың тәжірибесінен үйренеріміз көп.
Спорт психологиясын жүйелі түрде дамыту, ғылыми база қалыптастыру және мамандардың өзара тәжірибе алмасуын күшейту – қазақстандық спорт үшін маңызды бағыттардың бірі.
- Сұхбат бергеніңізгп көп рахмет.