Спортшыға дене жаттығуынан бөлек, мықты ерік-жігер керек — параспортшы
Маңғыстаулық параспортшы Ғани Исентемиров спортшы үшін дене жаттығуынан бөлек, мықты ерік-жігер, алға қойған мақсатқа қол жеткізудегі құлшыныс аса маңызды екенін айтады. Оның басты мақсаты — Паралимпиада ойындарына жолдама алу, деп хабарлайды Kazinform.
Ғани Исентемиров — парапауэрлифтингтен 7 дүркін ҚР чемпионы әрі 11 рекордтың иесі, ҚР-ның Халықаралық спорт шебері.
2021 жылы Ұлыбританияның Манчестер қаласында өткен Әлем кубогінің қола жүлдесін және Тайландтың Бангкок қаласында өткен турнирде қола жүлдені жеңіп алды. 2023 жылы Дубай қаласында (БАӘ) Әлем Чемпионатына қатысып, Пара Азия ойындарына жолдама алды. 22-28 қазан аралығында Қытайдың Ханьджоу қаласында өткен Пара Азия ойындарында парапауэрлифтингтен алтыншы орынға ие болды.
— Мен бала кезімнен спортпен шұғылданамын. 4 жыл дзюдомен, 3 жыл бокспен, 7 жыл кикбокспен айналыстым. Бұл спорттардан да республика, облыс деңгейінде жақсы нәтижеге қол жеткіздім, - дейді параспортшы.

Осыдан он жыл бұрын Ғани оң аяғынан ауыр жарақат алып, дәрігерлер шешіміне сәйкес ампутация жасауға тура келді. Бұл жағдайдан кейін 6 жыл шамасында спорттан қол үзген. Ал, 2018 жылдан бастап волейболды отырып ойнауға қайта ден қоя бастады. 2019 сәуір айында парапауэрлифтинг спортынан бапкер Арслан Суюншалиев параспортшының ірі дене бітімін байқап парапауэрлифтинг спорт түрімен шұғылдануға кеңес береді. Ғани жаттықтырушының қолдауын сезінген соң осы спортқа біржола бет бұрғанын атап өтті. 2019 жылдың мамыр айында бірінші рет ҚР чемпионатына қатысып, содан бері чемпиондық атақтарын ала бастаған.

Көпбалалы әке қазіргі таңда алға қойған мақсаттарына жету жолында жаттықтырушы Арслан Суюншалиевтің жетекшілігімен жүйелі түрде жаттығу жасауда.
— Алда Паралимпиада ойындарына жолдама ұтып алу мақсаты тұр. Соған дайындық үстіндеміз, - дейді параспортшы.