Спортшыларымызды Олимпиадаға даярлауға шетелдік мамандар тартылды

Спортшыларымызды Олимпиадаға даярлауға шетелдік мамандар тартылды – Елсияр Қанағатов
Фото: Қазақстан күрес түрлері федерациясы

АСТАНА. KAZINFORM –  Францияның Париж қаласында өтетін XXXIII жазғы Олимпиада ойындарына лицензия жеңіп алған қазақстандық спортшыларға қандай қолдау көрсетіліп жатқаны белгілі болды.

Бұл туралы Kazinform тілшісіне Олимпиадаға дайындық штабының жетекшісі Елсияр Қанағатов айтып берді.

«Қазіргі таңда Париж Олимпиадасына жолдама алған жетекші спортшылар оқу-жаттығу жиындарын арнайы жоспармен өткізіп, тыңғылықты дайындық жүргізіп жатыр. Оның ішінде бокс, күрес, таеквондо, жеңіл атлетика, спорттық гимнастика сияқты спорт түрлеріндегі кейбір спортшыларымыз жеке бағдарлама бойынша дайындалып жатыр. Дирекция тарапынан олардың барлығы оқу-жаттығу жиындарымен толық қамтамасыз етілді», - деді штаб басшысы.

Сонымен қатар спортшыларымыз Олимпиада ойындарына сәтті дайындалу үшін арнайы шетелдік мамандар тартылғанын да атап өтті.

«Олимпиада ойындарына сәтті дайындалу барысында көптеген командаларда шетелдік мамандар жұмыс істеп жатыр. Бокста (ерлер) Литвадан жалпы дене даярлығы бойынша жаттықтырушы Донотас Янушевич, спорттық гимнастикада Австралиядан келген жаттықтырушы-кеңесші Владимир Ваткин, қазіргі бессайыста Украинадан келген жаттықтырушы-кеңесші Сергей Туробов, үстел теннисінде Австриядан келген жаттықтырушы-кеңесші Дмитрий Левенко, жүзуде АҚШ-тан келген жаттықтырушы Гарави Хомаюн, стенд атудан Ресейден келген екі жаттықтырушы-кеңесші Василий Мосин мен Виталий Фокеев, семсерлесуде Украина мен Венгриядан келген екі жаттықтырушы-кеңесші Александр Торчук пен Фэренц Тот, көркем гимнастикада Ресейден келген екі жаттықтырушы-кеңесші Инна Быстрова мен Ирина Зиновка, Брейкингте Ресейден келген жаттықтырушы-кеңесші Асланбек Ныров сияқты білікті мамандар ұлттық құрама командамен бірлесіп жұмыс атқарып жатыр», - деді Қанағатов.

Естеріңізге сала кетейік, кеше Қазақстан құрамасына көркем гимнастикадан Эльжана Таниева Ташкентте өтіп жатқан Азия чемпионатында Париж Олимпиадасының 50-ші жолдамасын сыйлады.

Соңғы жаңалықтар