Спортшылардың биылғы жеңісіндегі 467 медальдің 153-і алтын-Қызылорда

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Жыл басынан Сыр бойы спортшылары ҚР чемпионаттарында 467 медальды иеленді. Оның ішінде 153 алтын, 121 күміс, 193 қола медаль бар. Азия және әлем біріншіліктерінде 44 медальға қол жеткізді. Оның жартысы алтын, қалғандары күміс, қола медальдар, деп хабарлады облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінен.

Спортшылардың биылғы жеңісіндегі 467 медальдің 153-і алтын-Қызылорда

Сонымен қатар, 10 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 30 спорт шебері, 293 спорт шеберіне үміткерлер дайындалып, Ұлттық құрама командасына жергілікті 306 спортшы енді. Ел байрағын шетелдерде желбіретіп жүрген спортшыларға келсек, тоғыз-құмалақтан ересектер арасында Хәкімжан Елеусінов екінші мәрте Әлем чемпионы атанды. Еркін күрестен Дәулет Ниязбеков Азия чемпионы атанса, шахматтан Әсел Серікбай Азияны бағындырып, облыс тарихында алғашқы болып ФИДЕ шебері атағына қол жеткізді. Сондай-ақ, каратэ-додан Мөлдір Жаңбырбай Тбилисиде әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Ойлылардың жарысы - шахматтан жасөспірімдер арасында Назерке Нұрғали, велоспорттан жастар арасында Асылхан Тұрар және кикбоксингтен ересектер арасында Алтынбек Жүнісов Азияны бағындырды. Ауыр атлетикадан өткен Азия чемпионатында Рүстем Сыбай алтыннан олжа алса, Мағжан Шамшадин жастар арасында әлем чемпионы атанып, Қазақстан Туын көкте желбіретті. Хьюстонда өткен ауыр атлетикадан әлем чемпионатында Александр Зайчиков алтын жүлдені алса, Алмас Өтешов күміс жүлдені еншіледі. Сондай-ақ, өткен қазан айында Қазақ хандығының 550 жылдығы және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған ұлттық спорт түрлерінен IV республикалық фестиваль ұйымдастырылып, онда облыстың құрама командасы жүлделі 1-орынды иеленді. Жоғары білікті спортшылар және спорт резервін әзірлеу бағытында спорт түрлерінен 8 ҚР чемпионаты, гандбол, таэквондодан ҚР IV жазғы спартакиадасы, ұлттық спорт түрлерінен IV республикалық фестиваль, 3 халықаралық және 23 республикалық турнирлер ұйымдастырылып өткізілген.