Спортшыларымыз алдағы күндері де жүлдегерлер қатарында болады - Темірхан Досмұхамбетов

Бұл туралы бүгін Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов Алматыда журналистерге берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұған дейін белгілі болғандай, біздің спортшылар арасында зілтемір көтеруден Жазира Жаппарқұлова алтын медалді жеңіп алса, Зүлфия Чиншанло күміс жүлдені иеленді. 77 кг салмақтағы Рүстем Сыбай ұлдар арасында қола жүлдегер атанды.
Естеріңізге салайық, грек-рим күресінен 69 келі мен 42 келі салмақтағы балуандарымыз Жәнібек Қондыбаев пен Ақан Баймағамбетов командамыздың қоржынына ең алғашқы жүлделерді салған болатын.
«Жасөспірімдер Олимпиадасындағы командалық есептегі 11-ші орынымыз - жетістік болып саналады. Сонымен қатар алдағы күндерде де біздің спортшылардың жүлде алатын мүмкіндіктері бар. Себебі, біздің негізгі үмітіміз - бокс пен дзю-до және басқа да спорт түрлерінің жарыстары енді басталады», деді министр.
Таэквондо бәсекесінде оңтүстікқазақстандық Нұрсұлтан Мамаев (55 кг) күміс жүлдеге қол жеткізген еді.
Әзірге алдыңғы үштіктің қатарында Ресей, Қытай және Әзірбайжан командалары тұр. Олимпиада 26 тамызға дейін жалғасады.