Спортшыларымыз алдына қойған барлық мақсаттар мен міндеттерді артығымен орындады - Т. Ермегияев
Бұл жайында бүгін ҚР Туризм және спорт министрлігінің вице-министрі Талғат Ермегияев Алматыда арнайы өткен баспасөз мәслихатында айтты.
Оның айтуынша, 7-Қысқы Азия ойындарының ұйымдастырылуына 250 млн. АҚШ доллары жұмсалған, ал спорттық ойындардың инфрақұрылымына 1 млрд. 400 млн. доллар кеткен. «Мәселен, халықаралық шаңғымен тұғырдан секіру, фристайл ойындарының кешендері сияқты үлкен нысандар салынды, ендігі уақытта олар халықтың игілігі үшін қызмет ететін болады», - деді Т. Ермегияев.
Сонымен қатар ол кейбір нысандар Азиада ойындарына арналып салынса, кейбірі жалпы жатығулар өткізу үшін де тұрғызылғандығын айтты.
7-Қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру жөніндегі дирекцияның вице-президенті Евгений Никитинский өз кезегінде кеше өткен дүбірлі ойында өнер көрсеткен барлық спортшылар мен жаттықтырушыларға және осы үлкен іс-шараны бұқараға кеңінен жеткізе білген БАҚ өкілдеріне алғысын білдірді. «Сонымен қатар осы ойын барысында салынған спорттық нысандарда жұмыс істеген адамдар мен біздің команданы қолдау үшін келген барлық жанкүйерлерге алғысым шексіз», - дейді Е.Никитинский.
Сондай-ақ ол аталған ойын жоғары дәрежеде өткендігін және мүмкіндік туса, әлемдік қысқы ойындарды өткізуге дайын екенімізді жеткізді. «Жаңадан салынған спорттық нысандар барлық халықаралық талаптарға сай келеді, әрі ол ойындарды өткізуге еліміздің әлеуеті де жетеді», - дейді ол.