Спортсүйер қауымға арналған жаңа сайт ашылды
АЛМАТЫ. 9 маусым. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Спортсүйер қауымға арналған Sportinfo.kz ақпараттық порталы ашылды. Бүгін Алматыда интернет-порталдың таныстырылуына арналған баспасөз мәлихаты өтті.
Порталдың құрылтайшысы - Ринат Тоғысов, бас редакторы белігілі спорт журналисті Гений Төлегенов. «Портал спортты сүйетін, салауатты өмір салтын ұстанатындарға арналған. Мақсатымыз - спорт әлемінде болып жатқан жаңалықтар туралы интернет арқылы жылдам, жедел ақпарат тарату»,- деді порталдың бас редакторы Г.Төлегенов.
Ринат Тоғысовтың айтуынша, порталдың тағы бір мақсаты - Қазақстанның медиа нарығында бәсекеге қабілетті интернет жоба жасау.
Сайттан футбол, хоккей, теннис, велоспорт, бокс, күрес және қысқы, жазғы спорт түрлері бойынша ақпарат алуға болады. Онлайн трансляция арқылы футбол матчтарын тамашалауға да мүмкіндік жасалған. «Жақын арада порталды спорт тақырыбында жазатын ең белсенді сайтқа айналдыруды көздеп отырмыз»,- дейді Г.Төлегенов. Белгілі боксшы Серік Қонақбаевтың айтуынша, спорт саласына арналған, кәсіби журналистер істейтін сайттың болуы, әлемнің кез-келген бұрышынан Қазақстан, әлем спорты туралы жаңалықтарды жедел, жылдам алуға мүмкіндік береді. «Сайттың ашылуы қуантып отыр. Табыс тілеймін»,- деді С.Қонақбаев.