Спортта үлкен жетістікке жеткен қандасымыз туралы фильм жарық көрді

Ерғали Шамей
Фото: Астана спорт басқармасы

АСТАНА. KAZINFORM - Елордадағы «Сарыарқа» сауда және ойын-сауық орталығының кинотеатрында Ұлттық кино орталығының қолдауымен Dala cinema компаниясы түсірген «Үміт сәулесі» фильмінің жабық көрсетілімі өтті.

Астана қалалық спорт басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткендей, «Үміт сәулесі» фильмінің басты кейіпкері — Астана қаласының пара спортшысы Ерғали Шамей. Монғолияда туған қандасымыз 18 жасында ата-жұртына біржола қоныс аударып, 2015 жылы жаттықтырушының арнайы шақыртуымен спортқа бет бұрған.

спорт
Фото: Астана спорт басқармасы

«Ерғали Шамей қазіргі таңда өзінің жауынгерлік болмысы, еңбекқорлығы және спортқа ептілігінің арқасында пара дзюдодан ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, пара дзюдодан Әлем және пара Азия ойындарының чемпионы атанып үлгерді», - делінген хабарламада.

Айта кетелік, парадзюдодан әлем чемпионы Ерғали Шамейдің өміріне негізделген фильм биыл Францияда өтетін Паралимпиада ойындарының алдында ел спортшыларына қолдау көрсетіп, жетістіктеріне лайықты назар аударуға да септігін тигізеді. 

спор
Фото: Астана спорт басқармасы

Фильмде басты кейіпкерді сомдау елімізге танымал актер Назар Шерханға бұйырыпты.

"Назарды рөлге бекітуге бірден-бір себеп — оның оқиғаның прототипіне сыртқы келбетінің қатты ұқсастығы", - дейді түсірілім тобы.

Фильмде, сонымен бірге, Ерғалидің прототипі де эпизодтық рөлді сомдаған.

спорт
Фото: Астана спорт басқармасы

Ұйымдастырушылардың айтуынша алдағы уақытта шынайы оқиғаға құрылған фильмнің телеарнадан көрсетілуіне күш салынатын болады.

Фильмді «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының» тапсырысы бойынша DALA cinema компаниясы түсірді.

Соңғы жаңалықтар