Спорттағы әлемдік жетістіктің бәрі бұқаралық спортты дамытудан басталады - Г. Исімбаева

АСТАНА. ҚазАқпарат - Спорттағы әлемдік жетістіктердің бәрі бұқаралық спортты дамытудан басталады. Бүгін Мәжілісте өтіп жатқан бұқаралық спортты және дене шынықтыруды дамыту тақырыбындағы Үкімет сағатында палата төрағасының орынбасары Гүлмира Исімбаева осылай мәлім етті.

Спорттағы әлемдік жетістіктің бәрі бұқаралық спортты дамытудан басталады - Г. Исімбаева

«Бұқаралық спортты дамыту саласында алдағы уақытта бюджеттерді қалыптастыру үшін қалдық қағидатын пайдалануға жол берілмеуі керек. Өйткені, қазір бұқаралық спортқа бюджетті жоспарлауда жүйелілік жоқ. Жалпы министрлер де, жергілікті атқарушы органдар да азаматтардың спорттағы үлкен жетістіктеріне мән береді. Әрине, оған мән берілуі керек, бұл біздің еліміздің имиджі мен халықаралық деңгейін білдіреді. Алайда, спорттағы жетістіктің өзі бұқаралық спортпен байланысты», деді Г. Исімбаева.

Оның айтуынша, спорттағы жоғары жетістікке жету ең алдымен бұқаралық спорттың дамуына тәуелді. «Өйткені, чемпиондардың басым бөлігі бұқаралық спорты дамыған, олардың өсуіне жағдай жасалған ортадан шығады. Сондықтан да, бұқаралық спортты дамытсақ, әлемдік спортта да жетістікке жетеміз», - деді Г. Исімбаева.