Спорттан тыс қыздарға қол көтермегенмін - ММА Азия чемпионатының жүлдегері Аян Тұрсын

Ол 1994 жылы 23 тамызда Алматы қаласында дүниеге келген. Спортпен 10 жылдан бері айналысып келеді. Жас спортшының қоржынында қазір 25 алтын, 15 күміс, 15 қола медаль бар. Аян Тұрсын ушу-сандадан екі дүркін ел чемпионы, татамиден бес дүркін Қазақстан чемпионы.
Спорт десе ішкен асын жерге қоятын, таэквондодан, ушудан және жекпе-жектен спорт шебері, ер мінезді бойжеткенмен тілдесіп, неліктен ауыр спорт түрін таңдағанын білдік.
- Аян, неліктен осы спортты таңдадыңыз?
- Мен өзім кішкене кезімнен ұл балалардың арасында өстім. Көшеде де тек ұлдармен ойнайтынмын. Шаңырақтағы балалар мен жасөспірімдерге арналған Олимпиадалық резервтегі спорт мектебінде оқыдым. Онда да айналам көбіне ұлдар болды. Мүмкін содан болар
- Соған қарағанда бала кезіңізде бұзық болғансыз-ау шамасы? Қанша баланың мұрнын бұздыңыз?
- Бұзық болған жоқпын (күліп) Мектеп жасымда тек ұлдармен төбелесетінмін. Қыздарды аяйтынмын. Төбелес бола қалған жағдайда қыздарға тиіспейтінмін.
- Азия чемпионаты жүлде алған бірінші сайысыңыз ба?
- Мен негізі аралас жекпе жекке ауыспай тұрып, таэквандомен айналысқанмын. Таэквандо бойынша талай рет жарысқа шыққанмын. Аралас жекпе-жектен әйелдер арасындағы халықаралық сайыстарға биылдан бастап жібере бастады. Сондықтан, мен алғашқы жүлдегермін.
- Неге аралас жекпе жекке ауыстыңыз? Бұл таэквандоға қарағанда жарақат алу қаупі көп спортқа жатады ғой?
- Өйткені, таэквандода электронды жүйе пайда болды. Бұрын шынымен төбелесетін болсақ, қазір тек адам бір жеріне тигізсе болды ұпай жанады. Сол үшін маған қызық емес болып қалды. Шынайылық жоғалып кеткен сияқты. Биылдан бастап ММА ауысып жарыстарға шыға бастадым.
- Осы уақытқа дейін қандай жарақат алдыңыз?
- Тек көзімнің көгергені болмаса. Әлі қатты жарақат әлі алмадым.
- Болашақта қандай жоспарыңыз бар?
- Әлем чемпонаты өтеді. Қазір сол жарысқа дайындаламыз. Сол жерде өзімді көрсетемін деген ойдамын. Бұл орайда, маған сенім артып, жаттықтырып, талмай еңбек етіп жүрген бапкерім Мамыралиев Нұрлан Кенженұлына үлкен алғысымды білдіргім келеді. Барлық жеңісімнің еңбегі осы кісінікі. Сонымен қатар, халықаралық жарысқа қатысуға мүмкіндік берген Алматы ММА Федерациясының президентіне, ММА Қауымдастығына, ММА құрамасының бас бапкері Жангалов Баян Маратұлына алғыс айтқым келеді. Сондай-ақ, әуесқой жекпе-жектен кәсіпқой түріне ауыссам деген ой бар. Әлем чемпионы атағына қол жеткізген жағдайда бапкерлікке кетемін. Өзім қазір Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінің «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша 2 курста оқып жатырмын.
- Сингапурда өткен Азия Чемпионатында кімдермен жұдырық түйістірдіңіз?
- Бұл менің бұл спорт түрімен қатысқан ең бірінші үлкен жарысым болды. Ел намысын әйелдер арасында тұңғыш рет қорғайтын болғандықтан қобалжу мен үлкен жауапкершілік тұрды. Екіншіден, ол Азия чемпионатына кіл мықтылар жиналды. Жартылай финалда малайзиялық спортшы Амира Макхтармен кездестім. Оны осал дей алмаймын. Дайындығы жақсы. Тек көзінен қатты жарақат алып қалып, жарысты ары қарай жалғастыра алмады. Ақтық сында америкалық спортшымен шықтым. Ол спортшы қыз малайзиялық спортшыға қарағанды мықты болды. Оның рекорды да, тәжірибесі де менікінен көбірек болды. Бойы да ұзын. Бірақ, біз арнайы тактика құрдық. Жаттықтырушыларым маған жылдамдыққа көбірек көңіл бөл деді. Соның бәрін ескеріп 1 раундта ұтқан болатынмын. 2-ші раунд басталар алдында мен демалып отыратын бұрышқа су көп төгілген болатын. Сол бұрыш өкінішке орай дұрыс сүртілмегендіктен, 2-ші раундта сол бұрышқа келгенде тайып құлап түстім. Рефери ойынды тоқтатып, сол жерді сүрткізетін шығар деп едім, рефери оған мән бермеді. Сол сәтті қарсыласым пайдаланып, менің арқамнан келіп, қылқындыру әдісін жасамақшы болды. Мен барымды салып тұрып кетпекші болғанда, аяғым тайғанап, қайтадан құлап түстім. Тағы бір рет тұрып көріп едім, тағы тайғанап құладым. Сосын ол 2-3 соққы жасап еді, рефери ойынды тоқтатып, жеңісті америкалық спортшы қызға берді. Әрине көңілім қатты түсті, барымды салған едім. Қазақстанның көк байрағын желбіретіп, әнұранын ойнатсам деп едім. Бұйырмады... Дегенмен, үлкен спорттық дода, Азия чемпионатында күміс жүлде алу мен үшін үлкен қуаныш, үлкен жетістік.
- Аян, үй шаруасына қалайсыз?
- Бір үйдің шаруасын дөңгелетемін (күліп)Тамақ та пісіремін, басқасын да істеймін.
- Әңгімеңізге рахмет. Әйелдер арасында жүлде алған ең бірінші қазақстандық қыз болғаныңыздың өзі үлкен мәртебе. Бұл жетістігіңіздің алғашқы бастамасы, алар асуыңыздың алды деп ойлаймыз.
- Рахмет.