Спортты дамыту дирекциясы Шыңжаңнан келген әріптестерімен меморандумға қол қойылды
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Спортты дамыту дирекциясының директоры Ерлан Естек пен орынбасары Азамат Имашев Қытай Халық Республикасы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданынан келген қонақтармен бірқатар спорт кешендерін аралады.
Ведмстводан атап өткендей, делегация құрамында автономиялық аудандағы спорт комитеті, соның ішінде доп спорты түрлеріне жауапты бірінші бөлімнің хатшысы Чжай Хунфэй және оның орынбасары Ван Чжэньбо, баскетболдан «Синьцзян-Тянь-Шань» әйелдер клубының төрайымы Майвулан, сондай-ақ волейбол мен жеңіл атлетикадан бапкерлер құрамы болды.
Кездесу барысында шешімі табылмаған көптеген мәселер айтылып, алдағы атқарылуы тиіс жұмыс жоспары талқыланды. Бірқатар спорт түрлерін бірлесіп дамыту бойынша ұсыныстарын ортаға салды. Қазақстан құрамасын алда өтетін халықаралық жарыстарға ресми түрде шақырды. Өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Қазақстан волейбол федерациясының бас хатшысы Ермек Сырлыбаев қытайлық әріптестерімен жұмыс жолға қойылғанын атап өтті. Қазір еліміздің кәсіби клубтарында бірнеше қытайлық волейболшы ойнап жүр. Бұдан бөлек жуырда Ұлттық құрама Қытайдағы жарыста сынға түспек.
Ерлан Жұмабекұлы өз сөзінде ұсыныстарды қарастыруға дайын екенін айтып, бірлескен оқу-жаттығу жиындары екі ел спортшыларының деңгейін арттыруға көмектесетінін атап өтті.