Спорттық гимнастикадан ел қоржыны тағы бір жолдамамен толығуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Спорттық гимнастикадан қазақстандық спортшы Нариман Құрбанов ел қоржынын Париж Олимпиадасының тағы бір жолдамасымен толықтыруы мүмкін.

ҚР Спортты дамыту дирекциясы мәлім еткендей, 2023 жылы спорттық гимнастикадан Антверпенде (Бельгия) өткен әлем чемпионатында Милад Карими тарихи қола жүлдеге қол жеткізіп, Париж Олимпиадасына баруға мүмкіндік алған еді.
Ал атағаш жаттығуынан жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері Нариман Құрбанов та лицензия ұтып алуы мүмкін. Оған себеп - отандасымыз лицензиялық кезеңдерде өте жақсы өнер көрсетіп, дәл қазір олимпиадалық рейтингте 2-орында тұр.
Әлем кубогының шешуші кезеңі 17-20 сәуір аралығында Дохада (Қатар) өтеді. Онда әр жаттығуда ТОП-3 рейтингке кірген спортшылар Париж Олимпиадасының жолдамасын жеңіп алады.
Айта кетсек, бұған дейін спорттық гимнастикадан тек 1996 жылы Атланта Олимпиадасында ғана 3 бірдей отандасымыз өнер көрсетсе, қалған төртжылдық ойындарда 1 ғана гимнасшы бақ сынап келе жатыр.
Қазіргі уақытта ел қоржынында спорттың 9 түрінен 23 спортшы 25 жолдамаға ие. Атап айтар болсақ, садақ атудан – 4, тас жолдағы велоспорттан – 3, нысана көздеуден – 5, қазіргі бессайыстан – 2, бокстан – 7, грек-рим күресінен – 1, еркін күрестен – 1, спорттық гимнастикадан – 1, таеквандодан 1 жолдама бар.