Спортты дамытуға бөлінген қаражатты пайдалану кезінде 346,9 млн. теңгенің заң бұзушылығына жол берілген - Есеп комитеті

АСТАНА. Сәуірдің 22-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - 2006-2008 жылдары бұқаралық және ұлттық спорт түрлерін, жоғары жетістіктер спортын дамытуға бөлінген республикалық бюджет қаражатын пайдалану кезінде жалпы сомасы 346,9 млн. теңге мөлшерінде бюджет заңнамасының бұзылуына жол берілген.

Спортты дамытуға бөлінген қаражатты пайдалану кезінде 346,9 млн. теңгенің заң  бұзушылығына жол берілген - Есеп комитеті
Бұл туралы ҚазАқпарат Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. «Жыл сайын спорт базаларын жалдау үшін республикалық бюджеттен қыруар қаржы бөлінеді. Өйткені Штаттағы ұлттық командалар және спорттық резервтер дирекциясының, олимпиадалық дайындау орталықтарының өздерінде меншікті спорт базалары мен әкімшілік үй-жайлары жоқ. Тек қана 2006-2008 жылдары осы мақсаттарға республикалық бюджеттен 1 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсалған. Сонымен қатар мемлекеттік ведомстволық спорттық базалар толық қуатымен жұмыс істемей тұр. Мемлекеттік ведомстволық спорттық ғимараттарды ұлттық құрама командалардың жеңілдікпен пайдалануы жөнінде келісілген тетіктің болмауынан сондай базаларды жалдауға кететін бюджет қаржысы бірнеше есе артуда. Бұдан басқа өздерінде меншікті спорттық базалар болмағандықтан спорттық мүлік тиімсіз қолданылады. Мысалы, тексеру жүргізілген сәтте жалпы сомасы 22 млн. теңгенің спорттық мүліктері пайдаланусыз күйінде жатқан», делінген баспасөз баянында. «Спортшыларды даярлаудың сапасы жоғары білікті жаттықтырушылардың тапшылығынан төмендеп кеткен. Жаттықтырушыларды даярлау және олардың біліктілігін арттыру мәселесі шешілмеген. Штатттағы ұлттық командалар және спорттық резервтер дирекциясы штатында құрама командалардың 272 жаттықтырушысы есепте жүр, солардың 33-інің спорттық атақтары жоқ екенін анықталды.Спорттағы нәтижелері төмендегендіктен, тәртіпті бұзуына байланысты спортшыларды шығарып жіберу тиімсіз шығындардың орын алуына себеп болып отыр. Оларды даярлауға жұмсалған қаражатты қайтару тәртібі белгіленбеген. Мысалы, спорттағы нәтижелері төмендегендіктен, жасы ұлғайғандықтан және тәртіпті бұзуына байланысты 2006-2008 жылдары Өскемен, Талдықорған, Алматы және Астана қалаларындағы орталықтардан 134 спортшы шығарылған. Олардың оқу-жаттығуына 79,4 млн. теңге жұмсалды. Есеп комитеті Үкіметке мемлекеттік ведомстволық спорттық ғимараттар мен базаларды ұлттық құрама командалардың жеңілдікпен пайдалануы тәртібін әзірлеуге, халықаралық стандарттарға сәйкес жаттықтырушыларды даярлау және олардың біліктілігін арттыру жөнінде оқу орталықтарын құруға ұсыныс берді. Туризм және спорт министрлігіне спортшылармен келісімшарт жасасқан кезде командадан тәртіпті бұзғаны және спорттық этика нормаларын сақтамағаны үшін шығарылған жағдайда оларды дайындауға жұмсалған қаражатты олардан қайтарып алуды көздейтін шарттар енгізу жөнінде ұсыныс берілді.Есеп комитеті мемлекеттік қаржылық бақылаудың жоғары органы болып табылады, ол республикалық бюджеттің атқарылуына, гранттардың, мемлекет активтерінің, мемлекет кепілдік берген қарыздардың, мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түскен өз иелігінде қалатын ақшаның пайдаланылуына бақылау жасап, бағалау жүргізеді», делінген баспасөз хабарламасында.