Спортты серік еткен ұлттың ғана ұрпағы сау болады - Серік Ахметов

Бұл туралы Үкімет басшысының ресми сайтынан хабарлады.
Кездесуге алтыннан алқа таққан Татьяна Осипова, Марк Старостин, Александр Малышев, күміс медаль иегерлері Дамир Рамазанов, Нұрсұлтан Белгібаев, қола жүлдегер Ольга Мандрика, сондай-ақ бапкерлер құрамы қатысты.
Премьер-Министр спортшыларды құттықтап, оларға Алғыс хаттар тапсырды.
«Мемлекет басшысы бұқаралық спорт түрлерін дамытуға айрықша маңыз береді»,-деп атап өтті С.Ахметов.
Премьер-Министр, сондай-ақ Үкіметтің бұл мәселеге спорттың мемлекет дамуының негізі ретінде зор көңіл бөлетініне тоқталып, «спортты серік еткен ұлттың ғана ұрпағы сау болады»,-деді.
Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың 2017 жылы Алматыда өтетіні белгілі. Сонымен қатар Қазақстан 2022 жылы қысқы Олимпиада ойындарын өткізу құқығына ие болуға тапсырыс беріп отыр. «Бұл - мүдіріссіз жүзеге асыруды қажет ететін өте маңызды міндет»,-деді осыған орай Үкімет басшысы.
Серік Ахметов спортшыларға алғысын білдіре отырып, оларға табыстар мен спортта жеңістер тіледі.