Спорттық әлеуетке қол жеткізілуі елімізде бұқаралық спорттың даму қарқынын арттыруға және биік жетістіктерге жетуге ықпал ететін болады - Елбасы

АЛМАТЫ. 8 ақпан. ҚазАқпарат - Алматыда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылғы 7-қысқы Азия ойындарына қатысушылармен - қазақстандық спортшылармен кездесті, деп хабарлайды ҚР Президентінің баспасөз қызметі.
None
None

Мемлекет басшысы қысқы жетінші Азия ойындарының жеңімпаз командасын құттықтады.

- Командалық есептегі және медальдар саны бойынша мұндай жарқын да үздік жеңіс бізде бұған дейін ешқашан болған емес. Бұл қазақстандық спорттың нағыз салтанаты! Бұл біздің еліміздің салтанаты! Барша еліміз біздің атлеттерімізге жанкүйер болды. Қазақстандықтармен бірге мен де біздің спортшыларымыз үшін алаңдадым. Сан рет шырқалған мемлекеттік әнұранымыздың жеңісті әуенімен еліміз болып бірге толқыдық. Біздің бәріміз де жеңісті күттік, үмітіміз ақталып, табысқа қол жеткіздік, - деп атап өтті Президент.

Азиада ойындары Олимпадалық ойындардан кейінгі екінші ірі кешенді жарыс болып табылады. Бұған дейін қысқы Азия ойындарын ұйымдастыруды тек экономикасы қуатты үш мемлекет: Жапония, Қытай және Оңтүстік Корея ғана қолға алды. Енді олардың қатарына Қазақстан қосылды. Азиаданың қарсаңында көптеген жаңа бірегей спорттық ғимараттар салынды. Қазақстан күллі әлемге ЕҚЫҰ, ШЫҰ, АӨСШК саммиттері немесе дін көшбасшылары съездері тәрізді ірі халықаралық форумдарды өткізе алатынын ғана емес, сондай-ақ қатысушылары мен спортшылары жағынан саны көп жоғары халықаралық деңгейдегі спорттық ойындарды да өткізе алатынын көрсетті.

- Халықаралық Олимпиада комитетінің төрағасы Жак Роггемен кездесу кезінде мен 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарын Қазақстанда өткізу мүмкіндігін талқыладым. Азиаданы табысты өткізгеннен кейін және біздің ірі жеңісімізден соң Қазақстанның мүмкіндігі арта түседі деп сенемін,- деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Шетелдік қонақтар Азиаданың жоғары деңгейде өткеніне, оларға жылы шырайлы қабылдаулар мен қонақжайлық көрсетілгеніне, қызмет көрсету деңгейі жоғары болғанына және қазақстандықтардың мәдениетіне таңданыстарын білдірісті. Олардың есінде Азиаданың Астанада ашылу және Алматыдағы жабылу рәсімдері жақсы сақталып қалмақ.

- Бұл екі қаланы енді азиялық құрлықтағы жаңа спорттық астаналар, әлемдік деңгейдегі жарыстар мен қысты спорт түрі бойынша жаттығу жиындарын өткізудің орталықтары деп атауға құқымыз бар. Спорттық әлеуетке қол жеткізілуі елімізде бұқаралық спорттың даму қарқынын арттыруға және биік жетістіктерге жетуге, Азиада жеңімпаздарының жеңісті жолын лайықты жалғастыратын, Қазақстанда спортшылардың жаңа толқынын тәрбиелеуге ықпал ететін болады. Сіздердің басты еңбектеріңіз - осында. Жеңіске жетуге барын салған спортшылар, жаттықтырушылар, команданың барлық мамандарының еңбегі зор. Сіздердің барлығыңызды жетінші қысқы Азия ойындарындағы жеңіспен тағы да құттықтаймын! Министр Досмұхамедов бастаған Қазақстанның Туризм және спорт министрлігінің қызметкерлеріне, Астана мен Алматы әкімдеріне өз алғысымды айтамын. Азиадаға қатысқан барлық қазақстандықтардың үлесін бағаламау мүмкін емес. Біздің спортшылар жеңді. Қазақстан спорты жеңді. Еліміз жеңді. Рахмет сіздерге! - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстандық спортшылар Мемлекет басшысына Қазақстанда үлкен спортты белсенді дамытқаны, бірегей спорттық нысандардың құрылысы үшін, сондай-ақ рекордтар жасауда және алтын медальдар жеңіп алуда халықаралық спорттық жарыстарға қатысуға мүмкіндік туғызғаны үшін шын жүректен алғыстарын айтты.

Қазақстан Азиаданың қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте 32 алтын, 21 күміс және 17 қола медаль алып, бірінші орынды иеленді.

Соңғы жаңалықтар