Спорттық гимнастикадан әлем чемпионаты: Екі қазақстандық финалға өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат – Спорттық гимнастикадан Қазақстан құрамасының көшбасшылары Милад Карими мен Нариман Құрбанов Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында өтіп жатқан Әлем чемпионатының финалына өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Спорттық гимнастикадан әлем чемпионаты: Екі қазақстандық финалға өтті

ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің мәліметіне сүйенсек, М.Карими еркін жаттығуларда квалификацияны сәтті өтті. Ол 14.733 балмен үшінші орын алып, ақтық жарысқа жолдама алды.

Н.Құрбанов та іріктеу кезеңінде үшінші орын алды. Ат үстіндегі жаттығу дисциплинасында төрешілер оның өнерін 15.033 балға бағалады.

Еске салайық, биылғы наурыз айында Милад Карими Әлем кубогы кезеңінің күміс жүлдегері атанған болатын.

Ал Нариман Құрбанов сәуір айында Бакуде өткен Әлем кубогі кезеңінде алтын медаль жеңіп алды.