Спорттық гимнастикадан әлем чемпионаты: Нариман Курбанов финалға шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық гимнасшы Нариман Курбанов ат снарядында үшінші орынмен әлем чемпионатының финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спорттық гимнастикадан әлем чемпионаты: Нариман Курбанов финалға шықты

ҚР Ұлттық олимпиада комитеті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Нариман Курбанов жеке жаттығулардың финалына 202 спортшының арасынан үздік сегіз спортшының бірі болып шықты.

Әлем чемпионатының алғашқы жарыс күнінде өнер көрсеткен Нариман Курбанов ат снарядындағы жаттығуы үшін 14.466 ұпай еншілеп, бірінші күннің қорытындысы бойынша көш бастаған еді. Іріктеу кезеңінің екінші күнінде де Нариман ұзақ уақыт бірінші орында келе жатты. Тек жарыс күнінің соңында ғана екі дүркін Олимпиада чемпионы, осы снарядта 2017 жылғы әлем чемпионатының жеңімпазы атанған британдық Макс Уитлок (14.966) пен 2017 жылғы әлем чемпионы, осы жылғы Азия ойындарында топ жарған қытайлық Сяо Жотэнді (14.633) алға жіберіп қойды.

Осы чемпионатта ел намысын Нариманмен бірге Милад Карими, Ербол Жантықов, Ілияс Әзизов пен Әкім Мұсаев қорғап жатыр. Жалпы біздің гимнастшыларымыз 239.291 ұпай жинап, іріктеуден кейін үздік жиырма құраманың қатарына ілікті. Біздің команда  46 құраманың ішінде 16-шы орында. Үздік 24 команда Токио Олимпиадасына іріктеу ретінде келесі жылы өтетін лицензиялық әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік алады.

Нариман Курбановтың финалы қарашаның 2-сінде өтеді. Бүгін Қазақстанның әйелдер құрамасы жарыс жолына шығады. Еліміздің атынан Аида Бауыржанова мен Екатериной Чуйкина өнер көрсетеді. Спорттық гимнастикадан Дохада өтіп жатқан әлем чемпионаты қарашаның 3-і күні аяқталады.