Спорттық кешендерді тексеру қорытындысы бойынша Астана прокуратурасы заң бұзушылықты жою туралы 8 ұсыныс енгізді

АСТАНА 14 қаңтар. ҚазАқпарат - ҚР Бас прокуратурасының тапсырмасына сәйкес Астана қаласының прокуратурасы қала аумағында орналасқан спорттық-сауықтыру кешендерінің қызметтеріндегі заңдылықтың сақталуы мен тиімділік мәселелері бойынша тексеру өткізді.

Спорттық кешендерді тексеру қорытындысы бойынша Астана прокуратурасы заң бұзушылықты жою туралы 8 ұсыныс енгізді

Бұл туралы Астана қаласы прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.

Астана аумағында 25 спорттық ғимарат қызмет ететіні анықталды. Оның 3 ведомстволық болғандықтан, 22 нысан ғана қала тұрғындарына дене шынықтыру және спортпен айналысу үшін қызметтерін ұсына алады. Бұл халық саны жыл сайын өсіп келе жатқан елорда үшін әрине жеткіліксіз. Қазіргі жағдайда бұл спорт нысандары бір мезгілде 9851 адамды ғана қабылдай алады, ол тұрғындардың жалпы санының 1,2% құрайды.

Тексеру нәтижесі спорттық ғимараттардың лауазымды тұлғалары жіберген бірқатар заң бұзушылықтарды анықтап берді.

Атап айтқанда, коммуналдық меншік болып табылатын спорттық ғимараттардың заңсыз жалға берілуі; пайдалануға қабылданбаған спорттық нысандарды пайдалану; нысандарды пайдалану мақсатынан тыс қолдану; штаттық бапкерлер құрамымен жинақталмау; тиісті біліктілігі және білімі жоқ инструкторлармен спорттық жаттығулар өткізу; жас шамасы тиісті жасқа толмаған балаларды оқыту және басқа да заң бұзушылықтар анықталды.

Мысалы, «Дәулет» спорткомбинаты» МҚКК Қазақстан Республикасының Туризм және спорт агенттігі төрағасының 15.07.2003 жылғы № 06-2-2/214 бұйрығымен бекітілген спорт мектептерінде оқу-жаттығуды ұйымдастыру тәртібі туралы регламенттің 9 т. бұза отырып, теннистен бастауыш дайындық топтарына балаларды жас мөлшеріне байланысты шектеулерге қарамастан қабылдаған. Аталған регламентке сәйкес топқа қабылдау 7-9 жастан басталады.

Мысалы, МҚКК директорының 24.09.2012 жылғы № 02-05/47 бұйрығына сәйкес бастауыш дайындық тобына шекті жас мөлшеріне жетпеген 2006 жылы туған Кузнецова Я. қабылданған.

Сондай-ақ, МҚКК директорының 15.10.2012 ж. № 02-05/54 бұйрығына сәйкес жасы жетпеген 220 балаға спорттық жаттығуларға қатысуға рұқсат ету арқылы аталған Регламенттің 10 т. бұзылуына әкелген.

«Алау» мұз сарайы» МҚКК допты хоккей, шайбалы хоккей, шорт-трек бойынша бастауыш дайындық топтарына балаларды шекті жас мөлшеріне қарамастан қабылдауы арқылы Регламенттің 9 т. бұзылған. Ережеге сәйкес аталған топтарға балаларды қабылдау 9-11 жастан басталады.

Осылайша, МҚКК бұйрықтарына сәйкес шайбалы хоккейге 9 жасқа толмаған 41, шорт-трекке - 3, мәнерлеп сырғанау тобына 6 жасқа толмаған 28 бала қабылданған.

Сондай-ақ, спорт нысандарының қауіпсіздік шараларының тиісті түрде қамтамасыз етілмеуі фактілері анықталды.

«Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңның 15-бабына сәйкес дене шынықтыру және спорт сабақтарын өткізу мақсатындағы нысандар мен ғимараттарды пайдалану санитарлық және өрт қауіпсіздіқ ережелеріне сай болуы қажет.

Нысандардың барлығында дерлік техникалық реттеу және метрология, өрт қауіпсіздігі және санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың бұзылғандығы кездеседі.

Мәселен, спорттық нысандар қызметкерлерінің медициналық кітапшаларында сараптамадан өткендігі туралы жалған белгі қойылуы бойынша 68 факті анықталды.

Сондай-ақ, спорт нысандарында 1700 бірліктен астам сенімсіз өлшем құралдарының (монометрлер, өлшегіштер) қолданылуына байланысты «Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы» Заңның 19-бабының 1-тармағының бұзылғандығы анықталды.

Көрсетілген барлық заң бұзушылықтар бойынша Астана қаласының прокуратурасы мемлекеттік органдарға заң бұзушылықты жою туралы 8 ұсыныс енгізіп, қарауға алды.