Спорттық мерзімді басылымдардың қатары «Берен» журналымен толықты

АЛМАТЫ. Сәуірдің 14-і. ҚазАқпарат /Елдос Өмірзақ/ - Қазақстандағы спорттық мерзімді басылымдардың қатары «Берен» деп аталатын жаңа журналмен толықты.

Спорттық мерзімді басылымдардың қатары «Берен»  журналымен толықты
Бұл жайлы аталмыш басылым өкілдері бүгін Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Елімізде осы уақытқа дейін қазақ тілінде бірде-бір спорт журналы болған жоқ. Осы олқылықтың орнын толықтыру үшін біз «Берен» деп аталатын журналды әзірлеп отырмыз. Екі айда бір шығатын бұл басылымның басты мақсаты - әлемнің әр қиырында өтіп жатқан сан алуан бәсекелерде ел намысын қорғап жүрген спортшыларымызды дәріптеу. Жастарды салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен айналысуға шақыру», - дейді журналдың бас редакторы Ғалым Сүлеймен. «Береннің» алғашқы саны 64 бет боп шыққан. Ондағы материалдар «Жәдігер», «Кел, үйренейік!», «Біздің мәселе», «Ел спортында не жаңалық», «Сәті түскен сұхбат», «Жұлдызды жанұя», «Көрінбей кеттіңіз ғой?», «Кәсіпқой бокс», «Қандастар», «Ұстахана», «Саңлақтар сыр шерткенде», «Тұңғыш», «Мемлекетіміздің мақтанышы» деген айдармен басылып отыр.