Спорттық нысандарды салу жағынан Қазақстан бізге үлгі болмақ - Саха Республикасының вице-президенті Д.Глушко

АСТАНА. 31 қаңтар. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Қазақстанның елордасы - Астана қаласында 7-Қысқы Азия ойындары аясында салынған спорттық нысандар бізді таңқалдырды. Бүгін Астанада өткен өткен баспасөз мәслихатында Азиаданың қонағы - Саха (Якутия) Республикасының вице-президенті Дмитрий Глушко осылай айтты.

Спорттық нысандарды салу жағынан Қазақстан бізге үлгі болмақ - Саха Республикасының вице-президенті Д.Глушко

Оның хабарлауынша, Саха Республикасы 2012 жылы «Азия балалары - 2012» V Халықаралық спорт ойындарын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Осыған орай бүгінде осы елде сан алуан спорттық нысандарды салу жұмысы басталып кеткен. «Біз Қазақстанның елордасы - Астана қаласына Азиаданың ашылуына дейін келген болатынбыз. Негізгі мақсатымыз - Астанада салынған жаңа спорттық нысандарын көріп, олардың құрылысымен танысу. Ол үшін біз Ресей Федерациясының Олимпиада комитетінің бас хатшысымен бірге Азиаданың ашылуына дейін Астанадағы жаңа спорттық кешендерді аралап, көріп, осы нысандардың техникалық жағдайымен жан-жақты таныстық. Бұл - керемет құрылыс нышандары. Енді, біз 2012 жылы Саха республикасында өтетін «Азия балалары - 2012» V Халықаралық спорт ойындарының құрылыс нысандарын одан да жақсы етіп салуды ойлап отырмыз. Себебі Қазақстан ол жағынан бізге жоғары межені көрсете білді», -деді ол.