Спутниктерді экспорттауға қатысты екі елмен келіссөз жүріп жатыр - Жаслан Мәдиев
АСТАНА. KAZINFORM – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев спутниктерді экспорттауға қатысты екі елмен келіссөз жүріп жатқанын айтты.
«Жер серіктерін құруда Моңғолия және басқа да елдер қарастырылып отыр. Бұл мемлекеттерді дәл қазір жариялай алмаймын, себебі келіссөз процесі жүріп жатыр. Әзірге, бұл жайында ресми жариялауға ерте, яғни спутник өндіретін басқа елдер өз ұсыныстарымен кедергі келтіруі ықтимал. Сондықтан ұлттық мүддені ескере отырып, құжатқа қол қойғаннан кейін айтамыз. Жалпы, кем дегенде екі мемлекетпен осы бағытта ынтымақтастық орнатылады», - деді Ж. Мәдиев Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстан Моңғолияға жерсерік экспорттайды.
Қазақстан Президентінің Моңғолияға мемлекеттік сапары аясында Жерді қашықтықтан зондтау жүйесін құру және дамытуға бағытталған тарихи инвестициялық келісімге қол қойылды.