Stadler вагондарында қандай кемшілік анықталды — «Самұрық-Қазына» АҚ жауабы
АСТАНА. KAZINFORM — Stadler компаниясының вагондары биыл екінші тоқсанда жеткізіледі. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» АҚ Экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры Айдар Рысқұлов мәлім етті.
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден елдегі вагон тапшылығы мәселесін көтерді.
— 2025 жылы жолаушылар вагондары паркін жаңартуға 65,5 млрд теңге бөлінді. Жоспар бойынша 68 вагон сатып алынып, 2025 жылдың соңына дейін пайдалуға берілуі тиіс еді. Кейін вагон саны 51-ге дейін қысқарып, жеткізу мерзімі де өзгерді. Алайда вагондар осы күнге дейін қабылданбаған, бірақ бюджет қаражаты толық игерілген. Неліктен вагондар уақытылы жеткізілмеді? , — деп сұрады Қ. Әбден.
Өз кезегінде А. Рысқұлов былтыр вагондардың алғашқы легін жеткізу кезінде техникалық мәселе анықталғанын айтты.
— Нақты айтсақ, вагондардың тежегіш жүйесіне өзгеріс енгізу керек болды. Сондықтан вагондар қабылданбады. Қазір Stadler компаниясы бүкіл кемшілігін мойындап, өз қаражаты есебінен кемшіліктерді жойып жатыр. Вагондарды пайдалануға беру биылғы екінші тоқсанға белгіленді, — деді Айдар Рысқұлов.
2022 жылы ҚТЖ мен Stadler арасында ұзақ мерзімге шарт бекітіліп, 2030 жылға дейін жолаушылар вагондарын жаңарту ескерілген.
Еске салсақ, биыл наурыз айында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Қазақстанға Stadler жолаушылар вагондарының алғашқы легі қашан жеткізілетінін айтқан еді.