Сталиндік қуғын-сүргін туралы шындықтың көбі мұрағаттарда жатыр-Мәмбет Қойгелді
Бүгін Алматыда өткен «Сталинизм: репрессияланған Қазақстан» аты халықаралық конференция барысында тарих ғылымының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Белгілі тарихшының айтуынша, қазір Ресейде Сталин туралы қызу талқылау жүріп жатыр. Ол туралы кітаптар жазылып, фильмдер түсірілуде. Ал қазақ қоғамы Сталинге сол ресейлік көзқараспен қарап отыр. «Біз Сталин зобалаңын көп көрдік. Аштық пен репрессияда мыңдаған адамдармен қатар, ең бастысы, ел басында отырған аяулы азаматтардан айырылдық. Бұның басында ең бірінші ұлт істері жөніндегі комиссар болған Сталин отырды. Сондықтан мұрағаттардағы Сталин зобалаңына қатысты материалдар мемлекет көмегімен зерттелініп, зерделеніп ұрпақ санасына жеткізілуі тиіс», дейді тарихшы.
Оның сөзіне қарағанда, Сталин КСРО-дағы ұлттарды тұншықтыру саласының сәулетшісі болды. «Алашорда басшыларының ұлттық мемлекет құру идеясының да, ұлт көсемдерінің де түбіне жеткен - Сталин.Ол бұл бағытта Әліби Жангелдин, Мұхамедияр Тұнғаншин, Көлбай Тоғысов сынды кеңес билігін жақтаушыларға дем бере отырып, Алашорда басшыларының ұлттық мемлекет туралы арманын тұншықтырып, Кеңес үкіметін берік орнықтырды. Артынша бұлардың барлығы қуғын-сүргін жылдарында құрбан болды. 20-шы ғасырдың басындағы Алаш билігіндегі азаматтардың барлығы білімі, тәжірибесі мол, үлкен ой-сананың иелері болды. Тіпті олардың білім деңгейі Мәскеу билігінде отырғандардан жоғары еді», дейді М.Қойгелді.
Оның айтуынша, Сталин мен оның қасіреті толық зерттеліп, қазіргі қоғамдағы алаш басшылары туралы алып-қашпа әңгіме тоқтауы тиіс. «Өйткені 20 ғасырдағы бар қасіреттің басында Сталин отырды», дейді профессор.