Сталиндік репрессия құрбаны болған 92 жастағы қарияның бар арманы - ақталу

АСТАНА. 30 мамыр. ҚазАқпарат - Талайды сарсаңға салған саяси қуғын-сүргін, сталиндік репрессия бүгінде 92-нің сеңгіріне шыққан Ахметбек Нұрманов ақсақалдың балалық шағын жалмаса, ал фашизммен соғыс жастық дәуренін құрдымға кетірді. Бұл туралы ҚазАқпарат Алаш айнасы газетіне сілтеме жасап хабарлайды.
None
None

Иә, дәл қазіргі уақытта қарияның санасынан сонау қиын-қыстау кезеңдегі, нақты айтқанда неміс лагері мен итжеккеннің азабы ұмытыла бастағаны да рас. Дегенмен, оның жанына батып, көңіліне қаяу түсіріп отырғаны тәуелсіз ел болып, етек-жеңін қымтаған егемен Қазақстанда «Отанын сатқан» деген саяси жаладан арыла алмауы.

Ақтөбе облысы Ойыл ауданының тұрғыны Ахметбек ақсақалдың айтуынша, фашистік басқыншылар 1941 жылы Кеңес Одағының шекарасына тұтқиылдан басып кірген мезетте 20-шы армияға қарасты 1856-артиллериялық бөлімнің 42 әскері тұтқынға түсіпті. Міне, осы тұтқындар арасында 20 жастағы Ахметбек қария да болды. Азиялық тұтқындардан Түркістан легионын құруды көздеген немістер оны Польшадан Италияға жер аударады.

«Италияда ауыр жұмысқа жегілген кезім. Мен Түркістан идеясы туралы ештеңе білген де, естіген де жоқпын. Ешкім ештеңе айтып түсіндірмеді. Кейін естідім, бұл легион Орта Азия елдерін біріктіруді көздейді екен. Менің ойлағаным тек елге қайту болды. Идеяны не қылайын?! «Шаң басқан Ойылым қымбат» деп есептедім. Біз реті келсе, кеңес әскерлеріне қосылуды ойладық, батыс майданында америкалық әскерлер фашистерге шабуыл жасаған кезде соның сәті түсті. Азиялық нәсілді біраз адам америкалықтардың арқасында кеңес әскеріне қосылдық. Бізді «Родина ждет, Родина простит» деген плакаттары бар кемемен Торонто қаласынан Мысырдың Саид бекеті, Ирак, Иран арқылы Әзербайжанға әкелді. Сол кезде Кеңес Одағы үстімізден «Отанын сату» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады», - дейді А.Нұрманов.

Бастапқыда Кузбасс кенішіндегі ауыр жұмысқа жегілген ақсақал кейін Колымаға 30 жылға жер аударылады. Аяз бен аштықты, айыптау мен азаптауды көрген А.Нұрманов ақсақал Сталин өлгеннен кейін ғана түрмеден мерзімінен бұрын босатылып, елге оралады. Дегенмен, арада 58 жыл өтсе де, Ахметбек ақсақал саяси жаладан әлі күнге дейін арыла алмай отыр.

«ҚР Бас прокуратурасына, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясына, министрліктерге, тағы басқа органдарға хат жаздым. Жауап жоқ. Неге мемлекеттік органдар адам тағдырына сонша жауапсыз қарайды?! Қазір Кеңес Одағының заңдары келмеске кетті емес пе?! Оның үстіне, мен жазамды өтедім. Енді менің өмірімнің көбі кетіп, азы қалды. Үкіметіміз бұрынғы әскери тұтқындарды ақтап, кешірім жасаса екен деймін», - дейді ақсақал.


Дереккөз: Алаш айнасы
Соңғы жаңалықтар