«Сталинград, біз сені қорғап қалдық!» - Сталинград түбіндегі ұлы шайқасқа - 67 жыл
СКЕМЕН. Ақпанның 22-сі. ҚазАқпарат /Людмила Малько/ - «Сталинград, біз сені қорғап қалдық!» - Өскемендегі облыстық тарихи-өлкетану мұражайында бүгін осындай тақырыппен кездесу өтеді. Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің мектеп оқушыларымен болатын бұл кездесуі Сталинград түбіндегі неміс-фашист басқыншыларын тас-талқан еткен шайқастың 67 жылдығына арналады.
Сталинград үшін шайқаста 1,2 миллионнан астам кеңес жауынгері құрбан болды. Бұл - Екінші Дүниежүзілік соғыстағы басты шайқастардың бірі. Осы шайқастан кейін Қызыл Армия бүкіл майдан бойынша шабуылды бастады.
Оқушылармен болатын бүгінгі кездесуге Сталинград шайқасының өскемендік қатысушылары - М.Шаяхметов, А.Куюмов, Н.Шушеньков, С.Черданцев, В.Красивов қатысады деп күтілуде. Шараны ұйымдастырушылар кездесуге сондай-ақ, Ұлы Отан соғысының ардагерлері Х.Бақтыбаевты, А.Қалиевті, КСРО-ның Социалистік еңбек ардагерлері А.Қимасов, К.Устьянцев, Д.Москальцев, К.Нұрбекенов, А.Кулагин сынды қарияларды да шақырып отыр.
Сталинград шайқасына Қазақстанда жасақталған 27, 72 және 73 - гвардияшыл атқыштар дивизиялары, 292 және 387 - атқыштар дивизиялары, 81 - атты әскери дивизиясы, 74 - теңіз атқыштар бригадасы, 129 - миномет полкі және 156 жеке көпір құрылысы батальоны қатысты. Даңқты 62-ші армияның құрамында 4 мыңға жуық қазақ болды. 64-ші армияның құрамында болған қазақстандық 29-шы, 38-ші атқыштар дивизиясы Сталинград шайқасында көрсеткен табандылығы мен қаһармандығы үшін 72-ші, 73-ші гвардияшыл атқыштар дивизиясы атанды, 73-ші гвардияшыл атқыштар дивизиясына «Сталинградтық» құрметті атағы қоса берілді. 1942 жылы желтоқсанның 22-де «Сталинградты қорғағаны үшін» медалі тағайындалып, 750 мың солдат пен офицер марапатталды. 112 адамға Қеңес Одағының Батыры атағы берілді. Оның төртеуі - қазақстандық ұшқыш Н.Әбдіров, полк командирі Т.С.Позолотин, взвод командирі Г.Г.Рамаев және минометші Қ.Сыпатаев.
1945 жылы мамырдың 1-де Сталинград (қазіргі Волгоград) қаһарман қала атағына ие болды. Сталинград шайқасы батырларының ерлігін мәңгі есте сақтау үшін 1963 - 1967 жылдары Мамай қорғанында мемориалды кешен салынып, 1982 жылы «Сталинград шайқасы» музей - панорамасы ашылды.