Стамбұлда контрабандашылар Антонис ван Дейктің құны 14 млн долларлық картинасымен ұсталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Стамбұл полициясы контрабандашыларды Антонис ван Дейктің құны 14 миллион долларлық картинасымен ұстады.
Болжам бойынша, контрабандашылар - грузин бизнесмендері - Түркияда сату үшін Грузиядан атақты фламанд суретшсінің картинасын құпия түрде алып шыққан. Тергеу нұсқасы бойынша, картина Грузияға Ресейден әкелінген, Ал Ресейден - Еуропаға.
Картинаны қараған түркиялық өнертанушылар оның түпнұсқа екендігін мәлімдеп отыр. Дегенмен түпкілікті қорытынды жасау үшін оны сарапшыларға тапсырмақ.
Айта кеткен жөн, Антонис ван Дейк - 17 ғасырдағы белгілі суретші. Оың картиналары әлемдегі ірі музейлерге қойылған.
Генуяда барокко рухында салған портреттері Дейк шығармаларының шырқау биігі саналады ("Кардинал Г. Бентивальо портреті", 1623 ж.ш., Флоренция). Ол мұнда Рубенс мектебі мен Венеция көркемөнерінің озық дәстүрін шеберлікпен ұштастырып, жаңа тәсіл тудырды. "Мадонна дель Розарио" (1624, Палермо), "Египетке барар жолдағы демалыс" (1620, Мюньхен), т.б. суреттері - осының айғағы.
Ван Дейк - діни тақырыптағы "Әулие Петрді азаптау" (1615 - 17 ж.ш., Брюссель), "Юпитер мен Антиопа" (1617 - 18 ж.ш., Берлин) атты шығармалардың авторы. Суретші 1627 ж. Антверпенге қайта оралып, әйгілі "Иконографиясын" жариялады. 17-18 ғасырлардағы Еуропа көркемөнеріне орасан зор ықпал еткен Рубенс дәстүрін жаңартып, оны ілгері дамытты.
Дарынды суретші небәрі 42 жыл ғана өмір сүрді.