Станимир Стойлов: Өз алаңымызда кез келген еуропалық команданы ұтуға тырысуымыз керек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордаға ұшып келген португалиялық «Бенфика» командасы «Астана Арена» стадионында ойын алдындағы жаттығуын өткізді. УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі португалиялық және елордалық «Астана» командасының арасындағы ойын ертең жергілікті уақыт бойынша сағат 21:00 басталады, деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінен.
None
None

Бүгін баспасөз маслихаты барысында елордалық футбол клубының жаттықтырушысы Станимир Стойлов команданың өз алаңында өтетін ойында жеңіске ғана ұмтылатынын мәлім етті. - «Бенфика» - өте күшті, аса салмақты команда. Әрине, алаң иелері күресуге, жеңіске қол жеткізуге тырысады. Егер барлық мүмкіндікті дұрыс пайдалана алсақ, ұпай алуға мүмкіндігіміз бар. Қолдан келгеннің барлығын жасаймыз, аянып қалмаймыз. Меніңше, футболшылар өздеріне қандай жауапкершілік жүктелгенін біледі, - деді Астана клубының жаттықтырушысы. Оның айтуынша, «Қайрат» командасының жеңісі ойыншылардың көңіл-күйіне әсер еткен жоқ. 10 күннің ішінде футболшылар біраз демалды, ал «Қайратпен» өткен кездесу ойын барысына ілесу үшін керемет мүмкіндік болды. Айта кетейік, Чемпиондар лигасы ойындары аясында «Астана» командасы өз алаңындағы кездесулерде жеңілген емес. - Біздің алаң - біздің қорған деп ұдайы айтамын. Бар күшімізді салып, өз алаңымызда кез келген еуропалық команданы ұтуға тырысуымыз керек, - дейді ол. - Өз алаңымызда жеңілмей келе жатқанымызға белгілі бір деңгейде жасанды алаң да септігін тигізді, бұл бізге біраз басымдық береді, алайда кәсіпқой футболшы үшін бұл қиындық тудырмауға тиіс. Сонымен қатар, «Астана» клубының жаттықтырушысы команданың жеңіске жетуінде жанкүйерлердің қолдауы да үлкен рөль атқаратынын айтты. Футболшылар ертең де «он екінші ойыншының» қолдауын сезінетіндеріне үмітті. Еске салайық, 25 қарашада сағат 19:00 бастап, Қабанбай батыр және Тұран даңғылдарының бойында Керей мен Жәнібек хандар көшесінен Хусейн Бен Талал көшесіне дейінгі жол учаскесі қоғамдық көліктер мен таксиден басқа көлік құралдары үшін ойын аяқталғанша жабық болады. Жүргізушілерге Орынбор көшесінің бойымен жүру ұсынылады. Футбол жанкүйерлері «Астана Арена» стадионына №№10, 12, 27, 40, 43, 51 автобустармен жете алады. Сондай-ақ, жанкүйерлерге қолайлы болуы үшін сағат 19:00 алты жерден арнайы рейстер (шаттлдар) аттанатын болады: - «Қазақстан» СК (Қажымұқан көшесі); - «Хазірет Сұлтан» мешіті (Қошқарбаев даңғ.); - Мұңайтпасов атындағы стадион (Кенесары көшесі); - «Жастар» театры (бұрынғы Опера және балет театры, Затаевич көшесі); - «Нұр Астана» мешіті (тұрақтың шығыс жағы); - Цирк (тұрақ, Қорғалжын тас жолының бойында). Арнайы рейстік автобустармен жол жүру құны: ересектер үшін - 90 теңге, 15 жасқа дейінгі балалар үшін - 40 теңге, жол жүру билеттері жарамсыз. Кері қайту үшін стадионның тұрақтарында және Қабанбай батыр даңғылының бойында «Астана Арена» стадионының аялдамасында жоғарыда көрсетілген 6 жерге арнайы рейстік автобустар, сондай-ақ, №10, 12, 27, 28, 30, 40, 43, 51, 61 бағыттар бойынша автобустар тұрады. Астана халықаралық әуежайы аймақтарына және жақын маңдардағы кенттерге баратын азаматтар айналма бағыттарды алдын ала жоспарлауы қажет. Астана қаласының ІІД Әкімшілік полиция басқармасы футбол ойынына келгісі келетін автокөлік иелеріне қоғамдық көліктермен келуді ұсынады. Бұдан бөлек, іс-шара өтетін аймақта Әкімшілік полиция басқармасының эвакуаторлары жұмыс істейтін болады. Көлік құралдарын тоқтату және қою ережелерін бұзғаны үшін автокөліктерді айып тұрағына жеткізу сияқты әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылмақ.

Соңғы жаңалықтар