Starbucks 1100 қызметкерін қысқартпақ

АСТАНА. KAZINFORM — Starbucks компаниясының бас директоры Брайан Никол дүйсенбі күні компанияның 1100 қызметкерін қысқарту туралы мәлімдеді, деп хабарлайды CNBC.

Starbucks 1100 қызметкерді қысқартпақ
Фото: pexels.com

Бұл өзгерістер компанияның кафе желісіндегі қызметкерлерге әсер етпейді. Оның айтуынша, аталған шараның басты мақсаты – компания жұмысын жеңілдетіп, соңғы төрт тоқсан бойы сатылымы төмендеген бизнесті қайта жандандыру.

2024 жылдың қыркүйегіндегі мәліметтер бойынша, Starbucks-та 361 мың қызметкер жұмыс істейді, оның 16 мыңы әкімшілік және қолдау көрсету бөлімдерінде қызмет етіп жатыр.

Компания есебіне сәйкес, соңғы тоқсанда әлемдегі барлық Starbucks филиалдарының сатылымы 4%-ға төмендеп, бұл жалпы пайдаға да кері әсерін тигізді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Amazon мен Starbucks қызметкерлері АҚШ-тың әртүрлі қалаларында кәсіподақтарды мойындауды, жалақыны көтеруді, жеңілдіктерді және жұмыс жағдайын жақсартуды талап етіп, ереуілге шыққанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар