Стартаптар бәйгесінде қазақстандық қосымша 25 мың доллар жеңіп алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық «Wipon» атты мобильдік қосымша стартаптар бәйгесінде 25 мың доллар жеңіп алды. Байқау TechConnect Astana халықаралық технологиялық конференциясы аясында өтті.

Стартаптар бәйгесінде қазақстандық қосымша 25 мың доллар жеңіп алды

Бұл додаға қатысқан 300-ден астам үміткерден 10 финалист іріктелді. 25 мың доллар көлеміндегі сыйақыны Cross Border Angels халықаралық инвесторлар жүйесі ұсынды. Wipon - жалған тауарларды пайдаланудан сақтайды және қауіпсіздікті қорғауға септігін тигізетін тұғырнама. Атап айтқанда, iOS-қосымшасы көмегімен Wipon тұтынушыларға тауардың түпнұсқалылығын анықтауға мүмкіндік береді. Мобильдік қосымша арқылы тұтынушы тауардың қаптамасындағы штрих-кодты немесе бірегей кодты сканерлеп, өнімнің түпнұсқалылығын анықтай алады. Тұғырнама авторлары Wipon еліміздегі көлеңкелі экономикамен күресуге елеулі пайдасын тигізетіндігін алға тартуда.