Статистика агенттігі 2009 жылдағы Ұлттық халық санағының толық қорытындысын шығарды
АСТАНА. 12 қараша. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін ҚР Статистика агенттігі 2009 жылдағы Ұлттық халық санағының толық қорытындысын шығарды. Бұл қорытынды мәліметтерді аталған агенттіктің төрағасы Әлихан Смайылов таныстырды.
«2009 жылдағы халық санағының нәтижесі бойынша Қазақстан халқының саны 16 млн. 009 мың 600 адамға жетті. Халық санағы арасындағы кезеңінде еліміздің халқы 1 млн. 028 мың 300 адамға артты. Яғни, 1999 жылдағы алдыңғы санақпен салыстырғанда ел азаматтарының өсімі 6,9 пайызды құрады»,-деп жария етті агенттік басшысы.
Аталған санақ қорытындысы бойынша еліміздегі қала тұрғындарының үлесі - 54,1 пайызды, ауыл халқы - 45,9 пайызды құрап отыр. Ә. Смайыловтың сөзіне қарағанда, осы жылдары Қазақстандағы ауыл тұрғындарының саны артып отыр, ал қалалық жұртшылықтың үлесінің өсу деңгейі елеулі деңгейде емес. Атап айтқанда, қала халқының саны 8 млн. 662 мың 400 адамды, ауылдық жердің халқы - 7 млн. 347 мың 200 адамды құрады. «Ауылды елді мекеннің халқы 821,7 мың адамға (12,6 пайызға), ал қалалықтар 206,6 мың адамға (2,4 пайызға) өсті»,-деп түйіндеді сөзін ведомство басшысы.