Статистика агенттігі: 2011 жылдың соңғы айында еңбекпен қамтылмаған халық саны 479,2 мың адамды құрады
АСТАНА. 13 қаңтар. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - 2011 жылдың желтоқсан айында Қазақстанда 479,2 мың адам жұмыссыз болды.
Бұл туралы ҚР Статистика агенттігінің бүгін өткізген брифингісінде мәлім болды.
«2011 жылғы желтоқсанда жұмыссыздар саны бағалау бойынша 479,2 мың адамды құрады. Жұмыссыздық деңгейі экономикалық белсенді халық санына шаққанда 5,4 пайыз болды», - деді ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, жұмыспен қамту органдарында жұмыссыздар ретінде тіркелгендер саны 2011 жылғы желтоқсан айының соңына 36,6 мың адамды немесе экономикалық белсенді халық санына шаққанда 0,4 пайызды құрады.
«Бағалау бойынша жасырын жұмыссыздық деңгейі экономикалық белсенді халық санының 0,4 пайызын құрады», - деп түйіндеді ведомство басшысы.