Статистика агенттігі апта сайын азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізбек
Бұл туралы бүгін ҚР Статистика агенттігінде өткен баспасөз мәслихатында ведомство басшысы Әлихан Смайылов мәлім етті.
«Азық-түлік тауарларына инфляциялық үрдістің күшеюіне байланысты Статистика агенттігі келесі аптадан бастап, апта сайын олардың бағасына мониторинг жүргізеді», - деді ол.
Сондай-ақ агенттіктің ай сайын инфляцияға қатысты мәліметтерді жариялап тұратындығын ескертіп өткен оның айтуынша, қолға алынғалы отырған шара Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар азық-түліктердің бағасына қатысты ресми цифрларды біліп отыруы үшін қолға алынбақ. Азық-түлік бағасының апта сайынғы өсуі туралы ақпараттар бейсенбі күні сол аптадағы сейсенбі күнгі жағдай бойынша жарияланып отырмақ.
Жыл сайын қаңтар айында жеміс-жидектің, ет пен ет өнімдерінің, сүт өнімдерінің, жұмыртқа мен күнбағыс майының бағасы өсетіндігін айтқан Ә.Смайылов: «Қазір инфляциялық үрдістердің күшеюі байқалуда. Таяу айлар берілген дәліз аясында бағаны қаншалықты ұстап тұра алатындығымызды көрсетеді. Менің ойымша, әзірше қандайда бір пессимистік болжам жасауға ертерек», - деді.