Статистика агенттігі индустриялық бағдарламаның орындалу барысы жөнінде тоқсан сайын бюллетень шығаратын болады - Агенттік төрағасы
амырдың 24-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Статистика агенттігі елімізде жүзеге асып жатқан Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының орындалу барысына арналған тоқсан сайынғы бюллетень шығаруды жоспарлап отыр.
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Мемлекеттік статистиканы жетілдірудің басты бағыттары» атты тақырыпта өткен Үкімет сағатында ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Агенттіктің негізгі міндеті мемлекеттің стратегиялық мақсатына қол жеткізу тиімділігін, әлеуметтік-экономикалық жағдай мониторингін жүзеге асыру үшін сапалы және өзекті статистикалық ақпаратпен қамтамасыз ету. Осы мақсатта агенттік статистиканың 20 саласы бойынша мыңнан аса негізгі және 16 мыңға жуық нақтыланған статистикалық көрсеткіштерді әзірлейді. Елбасының ағымдағы жылғы Жолдауын және Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының іске асырылуын статистикалық мониторингілеу мақсатында агенттік тиісті шараларды атқарып отыр. Бұның аясында бағдарламаның нысаналы индикаторларын көрсететін статистиканың тізбесі әзірленді», деді агенттіктің қазіргі атқарып отырған жұмыстарына тоқталған Ә. Смайылов.
Оның айтуынша, Үдемелу индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының іске асу барысы туралы тоқсан сайын тиісті бюллетеньдер шығару жоспарлануда. Сонымен қатар, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарын іске асыру мониторингін жүзеге асыру үшін 37 нысаналы индикаторлар қалыптасқан.
«Бұлар агенттіктің интернет ресурсында орналасқан. Статистикалық ақпаратты алу үшін статистика органдары 190 мыңнан астам заңды тұлғалар, филиалдар және өкілдіктермен, 48 мың жеке кәсіпкерлермен, 33 мың үш шаруашылықтарымен өзара іс-қимыл жүргізеді. 11 мың тіркеу органдарына бағаны тіркеу секілді бағалауларды өткізеді», деді Агенттік төрағасы.